18 Наурыз 14:40
...

Қазақстандық киноиндустрия экспортқа шығады

Кино
Фото: pixabay.com

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында креативті индустрияны дамыту, оның ішінде отандық кинематография саласының мәселелері қаралды.

​Астана, NEGE. TOP PRO CINEMA продюсерлік орталығының бас директоры Александр Аксютиц қазақстандық контент экспортының өскенін атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша отандық фильмдердің кассалық түсімдері 22 млрд теңгеден асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Прокатқа шыққан қазақстандық картиналардың саны да артты. 2023 жылы 65 фильм болса, қазір 107. Бұл ретте жылдың ең танымал 20 фильмінің ішінде отандық киноның үлесі 70%-ды құрады. 2015 жылы бұл тізімде тек екі қазақстандық картина болған.

«Қазақстандық контентті Ресей, Қырғызстан, Ирландия, Германия, Әзірбайжан, Түркия, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Өзбекстан сатып алуда. Мысалы, «Хабар» және «Қазақстан» телеарналары соңғы 2 жылда 30-дан астам сериалын шетелге сатты, ал оларды жаһандық нарықта таратуды «ZDF» неміс медиагиганты қолға алды. Тіпті менің шағын «TOP PRO CINEMA» продюсерлік орталығымның өзі посткеңестік кеңістіктегі ең үлкен «Кинопоиск» стриминг платформасы бар екі эксклюзивті сериал жасау келісімшартына қол жеткізді. Қазақстанда шетелдік серіктестер тарапынан түпнұсқалық сериалдар түсіру туралы өтінімдер саны тұрақты өсуде, бұл отандық креативті топқа сұраныстың жоғары екендігіне айқын дәлел болып саналады. Алайда, біз күрделі жағдайға тап болып отырмыз: сұраныс қазірдің өзінде ұсыныстан жоғары және біз аталған көлемді өз күшімізбен қамтамасыз ете алмай отырмыз», - деді ол.

Саланың дамуын тежейтін негізгі мәселенің бірі білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Бұл салаға кәсіби жазушылар, режиссерлер, операторлар, продюсерлер және тіпті макияж жасаушылар өте қажет. Продюсерлік орталықтың бас директоры оның шешім ретінде халықаралық сарапшылардың қатысуымен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды, «Қазақфильм» киностудиясының материалдық-техникалық базасын жаңартуды және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауды ұсынды.

«Бізде таланттар өте көп, бірақ оларда негізгі білім мен дағдылар жоқ. Халықаралық сарапшылардың қатысуымен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру – мәселені шешуге бастайтын қадамдардың бірі. Біздің шетелдік серіктестеріміз осындай бастамаларды қарастыруға дайын, бірақ оларды жүзеге асыру үшін қолайлы кеңістік қажет. Қазіргі уақытта көптеген өндірістік компаниялар шағын кеңселерде жұмыс істейді, онда ауқымды оқыту шараларын өткізу қиын. Кәсіби индустрияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау оқытуға ғана емес, сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға да көмектеседі», - деді Александр Аксютиц.

Премьер-министр бастаманы қолдап, киноиндустрияның дамуы үшін кадрлық әлеуеттің маңыздылығын атап өтті.

«Кино өндірісімізде біршама жетістіктер бар. Өнімдеріміз экспортталып жатыр. Алайда, сала кадр дайындау мәселесінде ақсап тұр, тиісті мамандар болса, көбірек өнім шығаруға мүмкіндік болар еді. Сіздің айтқан ұсыныстарыңыз бен кадр дайындау бойынша көтерген мәселелеріңізді Үкіметте егжей-тегжейлі қарастырып, шешім қабылдаймыз. Бұл үлкен әлеует. Оны пайдалануымыз керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.