26 Сәуір 17:11
...

Қазақстандық десантшылар Жеңіс парадына қатысу үшін Мәскеуге келді

Мәскеу
Фото: Қорғаныс министрлігі

9 мамырда Мәскеудегі парадқа Қазақстан Республикасының атынан Десанттық-шабуылдау әскерлері Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов атындағы 37 десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілерінен құралған парадтық есептоп шығады.

Алматы, NEGE. 1941 жылы Волоколамск бағытында Мәскеуді ерлікпен қорғаған 316 атқыштар дивизиясының құрамында Панфилов жауынгерлері болды. Барлық жеке құрамның шайқастарда көрсеткен ерлігі, табандылығы, батылдығы мен жанқиярлығы үшін дивизия "ҚЫЗЫЛ ТУ" орденімен марапатталып, "ГВАРДИЯЛЫҚ" деген атақ берілді.

Чкаловский әскери әуеайлағында қазақстандық десантшыларды Ресей Федерациясындағы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі генерал-лейтенант Талғат Қойбақов қарсы алды. Ол жауынгерлерге тарихи маңызы бар шарада елдің атынан абыроймен сап түзеп өтуіне тілектестік білдірді.

Салтанатты лекті 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының командирі, екінші дәрежелі "Айбын" орденімен және "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталған полковник Алмас Төлегенов басқарады.
Парадтың есептобында барлығы 80 адам бар. Оның ішінде 2 офицер, 28 келісімшарт бойынша әскери қызметші және 40 мерзімді қызметтің сарбазы.

37-ші десанттық-шабуылдау бригадасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Жедел ден қою ұжымдық күштерінің құрамына кіреді. Бұл әскери құрылым жауынгерлік тұрғыда әркез дайын. Бейбіт уақытта ол төтенше жағдай режимінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік шекараны күшейту, аса маңызды объектілерді күзету және қорғау, бөлімшелерді терроризмге қарсы операцияларда, табиғи және техногендік сипаттағы жағдайларда қолдану міндеттерін орындайды.