Әуе билеттерін брондау жүйесі бұзылып, қазақстандықтардың жеке деректері желіде тарап кетті
Ресейлік әуе билеттерін брондау жүйесі бұзылып, қазақстандықтардың жеке деректері желіге тарап кеткен. Олардың ішінде танымал адамдар да бар.
Алматы, NEGE. 2007-2023 жылдар аралығындағы ішкі рейстер туралы деректер жарияланып кеткен. Ол деректердің ішінде Air Astana, Scat, Qazaq Air және Bek Air (2020 жылы тоқтатылған) сынды әуе компанияларының ел ішіндегі 700 мыңға жуық рейсі туралы ақпарат бар. Деректер базасында Қазақстан азаматтарының ресейлік авиакомпаниялардағы халықаралық рейстері туралы мәліметтері де жүр. Жарияланып кеткен файлдарда жолаушылардың аты-жөні, олардың құжат нөмірлері (шетелдік төлқұжаттар мен ұлттық куәліктер), телефон нөмірлері мен электрондық пошта мекенжайлары көрсетілген.
Танымал жолаушылардың арасында саясаткерлер, кәсіпкерлер және шоу-бизнес жұлдыздары бар. Мәселен, өткен жылдың 16 маусымында Мәжіліс депутаттарының бірнешеуі Qazaq Air әуе компаниясымен Астана – Түркістан бағыты бойынша ұшқанын көруге болады. Олардың қатарында Альберт Рау, Айдос Сарым, Мұрат Әбенов, Жигули Дайрабаев бар. Сол рейсте «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай, қазақ тілді блогер Алексей Лодочников, сенатор Бибігүл Жексенбай және тағы жиырмаға жуық адам болған. Дәл осы күні Түркістанда Ұлттық Құрылтай өтті.
Бірқатар ресурстарда пайда болған бұл ақпарат өткен жылы ресейлік Леонардо және Sirena-Travel жүйелерінен тараған ауқымды ақпараттың бір бөлігі. Оларды бұзған украиналық KibOrg тобының хакерлері 664 миллион рейс туралы ақпаратқа қол жеткізген. Олар бүкіл дерекқорды желіге бірден салмайтынын хабарлаған-ды.
Осы күнге дейін дерекқорда тек ресейліктер туралы ақпарат бар деп есептеп келгенбіз, бірақ олай емес сияқты. Онда қазақстандықтар туралы ақпараттан басқа, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь және басқа да посткеңестік елдердің азаматтары туралы ақпаратты таба аласыз.
«Сирена» – әуе билеттерін брондау деректерін беруге және өңдеуге арналған кеңестік қосымша. Ресейде оның құқықтық мұрагері Sirena-Travel. Ол қару-жарақ нарығындағы негізгі ойыншы «Ростек» мемлекеттік корпорациясының бөлігі. Ашық ақпаратта мәлім болғандай, дәл осындай жүйе Қазақстанда кем дегенде 2023 жылға дейін қолданылған (мүмкін, ол қазір де қолданылуда), ал қазақстандық жолаушылар туралы ақпарат Ресей Федерациясындағы деректерді өңдеудің бірыңғай орталығына берілген.
Украинаға басып кіргенге дейін ресейліктер Сиренаның шетелдік аналогтарын да қолданды, бірақ санкциялардан кейін олар толығымен өз өніміне көшуді шешті. 2022 жылы Sirena-Travel компаниясы Леонардо әуе билеттерінің деректерін өңдеудің тағы бір жүйесін іске қосты. Бір жылдан кейін ол да хакерлік шабуылға ұшырады.
Қазір Ресейде Sirena-Travel бас директорларының орынбасарлары Игорь Ройтман мен Александр Калчукке қатысты қылмыстық іс тергелуде. Екеуі де «Ресей Федерациясының маңызды ақпараттық инфрақұрылымында қамтылған қорғалатын компьютерлік ақпаратты пайдалану, сақтау, өңдеу және жіберу ережелерін бұзды» деп айыпталған. Олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Іс Sirena-Travel және Leonardо жүйелерінің бірдей бұзылуымен байланысты. Бұл қазақстандықтардың жеке деректері жарияланып кеткен бірінші ақпарат емес.
Сонымен қатар желіде қазақстандық сайлаушылар, ресейлік Sportmaster және SDEK клиенттері, тағы да ресейлік Unistream ақша аудару жүйесі, жергілікті медициналық мекемелер және басқа да көптеген қызмет туралы ақпарат тараған.