Қазақстандық блогерлер өткен жылдары 19 млрд теңгедей табыс тапқан
Бүгінгі таңда 622 блогер қосымша 18,29 млрд теңге табысын декларациялап, соның негізінде 875,5 млн теңге салық есептелген.
Астана, NEGE. Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылы жүргізілген камералдық бақылау нәтижесінде 2022–2023 жылдар аралығында табысын 71,9 млрд теңгеге төмендетіп көрсеткен 854 блогер мен инфлюенсерге 1 586 хабарлама жолдаған, деп жазды BES.media.
Ведомствоның басылымға берген дерегінше, әлеуметтік желілер арқылы табыс табуға арналған арнайы ЭҚЖЖ коды болмағандықтан, инфлюенсерлер әртүрлі қызметтерді көрсетеді. Соның ішінде жеке қызметтер көрсету, демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама орналастыру, жарнама агенттіктерінің қызметі жиі таңдалады екен.
Сонымен қатар көптеген блогер сауда, қызмет көрсету, концерт ұйымдастыру, сұлулық салондары сияқты өзге де кәсіп түрімен қатар айналысатынын көрсеткен. Бұл кірістердің барлығы жалпы тәртіппен салық салуға жатады.
Айта кетейік, өткен жылдың 14 ақпанынан бастап блогерлер мен инфлюенсерлер 2022–2023 жылдарға салықты толық төлемегені туралы хабарламалар ала бастады. Инфлюенсер Әлішер Елікбаевтың айтуынша, «алғашқы толқынға» шамамен 8 мың адам іліккен, ал көрсетілген сома бірнеше миллионнан бір миллиард теңгеге дейін жеткен.
Кейбір блогерлердің айтуынша, салық органдары банк шотындағы барлық айналымды кіріс ретінде есептеп, қаражаттың шығу көздері мен шығындарын ескермеген. Тізімде салықты уақтылы төлеп, жарнамалық материалды таңбалау ережесін сақтаған адамдар да болған.
Алғашында Мемлекеттік кірістер комитеті 594 адам бойынша 53,3 млрд теңге көлемінде айырмашылық анықталғанын хабарлап, табысты төмендетіп көрсету фактілері бойынша ескертулер жіберген. Блогерлерге түсіндірме беру немесе салықты төлеу үшін 30 күн берілген.
Кейін техникалық ақауға байланысты 93 блогерге жіберілген, жалпы сомасы 9,8 млрд теңге болатын 169 хабарлама кері қайтарылды. Қателер түзетілген соң бұл хабарламалар қайта жолданды.