Қазақстандық әнші Golden time Talent халықаралық байқауында жеңіске жетті
Алматы, NEGE. Өзінің қуанышты жаңалығымен бөліскен әнші бұл жетістігінің артында үлкен еңбек жатқанын мәлімдеді.
Динара Каиргожа – ұстаз, композитор, әнші әрі актриса. Еліміздің мәдениет қайраткері, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі, эстрадалық вокалдан республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Бүгінде Америка Құрама Штаттарында тұратын отандасымыз мұхиттың арғы жағында ұлттық ән өнерін насихаттап, екі елдің мәдени байланысының дамуына үлес қосып жүр.
Қазақстандық өрендерге онлайн арқылы дәріс беріп, бар білгенін үйретіп жүр.
«Төрткүл дүниенің таланттары бас қосқан байқауда өзімнің туындымды орындадым. Әнін де, сөзін де өзім жаздым. „Өкпе“ деп аталатын бұл шығармам қазылар алқасының шешімімен жүлдеге лайық деп танылды. Өте қуаныштымын. Бұл менің шығармашылық жолымдағы кезекті жеңіс деп білемін. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Одан әрі шығармашылық қанатымның дамуына үлкен бір серпін болды. Өнерімді бағалаған шетелдік ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіргім келеді», – дейді өнер иесі.
Айта кетейік, Динара Каиргожаға жүлде әкелген бұл туынды отандық телеарналарда алдағы уақытта тұсауын кесетін «Шырағың сөнбесін» теле хикаясының саундтрегіне таңдап алынған.