«ҚАЗАҚСТАНДЫ жер жүзіне танытқым келеді» – TikTok жұлдызы ҚАЗАҚ ТІЛІН насихаттап жүр
ӘЛИЕВКЕ 26 миллионнан астам адам жазылған. Бірнеше елдің байрағын ұршықша айналдырып, қолына іліккен елдің тілінде сайрай жөнелетін полиглотпен тілшіміз тілдесіп көрді.
– Омар, еліміздің қай өңірінің тумасы боласың?
– Мен Алматы қаласында туып өстім. №12 мектептің түлегімін. Қазір медициналық университеттің екінші курсында оқып жатырмын.
– Қай жастан бастап тіл үйрене бастадың?
– Шынымды айтсам, менде полиглот болам деген ой мүлде болмады. Бала күнімде өзімнің туған тілім күрт тілін үйрене бастадым. Себебі, орыс мектебінде оқығандықтан, көбіне орыс тілінде сөйлейтін едім. Ол кезде 6-7 жаста болатынмын.
Сосын түрік тілін үйренуге қызығушылығым артты. Бұл оған ұқас келетін әзірбайжан тілін үйренуге жалғасты. Ал қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанықтан, оны алдымен үйреніп алуды өзіме міндет санадым. Қазақ достарыммен жиі әңгімелесуге тырысатынмын. Маған олардың аузынан шыққан әр сөздің дыбысталуы ұнайтын. Бірте-бірте өзім де сөйлеп кеттім.
– Арнайы курстарға барасың ба?
– Бірнеше тіл үйренуіме әпкемнің септігі тиді. Өзі бес тілде таза сөйлейді. Ол түрлі елдердің ұстаздарынан сабақ алатын болғанықтан, соларға мәтін жазғызып алып, аудио жазбасын маған жүктейді. Мен оларды таңға дейін жаттап аламын да, күн шыққанда жақсылап репетиция жасап, видео түсіремін.
– Қазіргі кезде қай тілді үйренуге ден қойып жатырсың?
– Камбоджоның кхмер тілі мен бенгал тілін үйреніп жатқан жайым бар.
– Сонымен неше тілде еркін әрі таза сөйлей аласың?
– Бес тілді жақсы меңгергенмін. Бұдан бөлек жеті тілді бастапқы деңгейде игергенмін. Ағылшын тілін жартылай түсінемін, сөйлеймін. Бірақ оны да барынша дамытуым керек болып тұр.
– Сонда тілді тез үйренуде қолданатын қандайда бір амалың бар ма?
– Ешқандай арнайы әдісім жоқ. Тек бес тілде еркін сөйлей алған соң, желіде контент жасап көрсем қалай болады деген ойға келдім. Әр елдің тілінде сөйлейтін болғандықтан, сол елдің тұрғындары парақшама жазылады. Осылайша барша жер жүзіне Қазақстан деген елдің барын танытсам деймін.
– Дәрігер мамандығын таңдағаның қызық екен…
– Менің алғашқы арманым – актер болу. Бұйырса, осы оқуымды бітірген соң, Түркияға барып, кино саласында бағымды сынағым келеді.
– Тіл үйренгісі келетін өзіңдей жастарға айтар кеңесің бар ма?
– Адамның есте сақтау қабілеті бала кезде жақсы болады. Сондықтан тіл үйренуді ерте жастан қолға алған жөн.