Қазақстандағы қытай компаниясы НЕГЕ заңға бағынбады?

Редакциямызға Сымбат Білімбек есімді азаматша хабарласып, Қытайлық Синьсин компаниясы ҚР еңбек заңнамасын белден басып отырғанын айтып шағымданды. Тіпті, әкесі Нұрбай Білімбектің қазасына басты себепкер болған құрылыс компаниясы өкілдерінің «заңнан қорықпаймыз» деген сөздері жайлы айтып берді.
«Құрылыс пен Синьсинді дамытатын қытайлық компания» ЖШС Қазақстан Республикасындағы филиалында жұмыс істейтін Нұрбай Білімбек 15 мамыр күні жұмыс орнында ауыр техникадан құлап, басынан жарақат алады. Оқиға «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының бойында болған. Синьсин компаниясы аталған жолды қайта жаңғырту бойынша бірнеше жылдан бері ШҚО-да құрылыс жұмыстарын жүргізіп келеді. Марқұм Нұрбай білімбек жарақат алған кезде ешқандай алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген, тіпті, компания қызметкерлері басынан қан ағып жатса да жол бойынан такси тоқтатып үйіне салып жіберіпті.
«Егер алғашқы көмек көрсетіліп, басынан қан тоқтатылса, бірден ауруханаға жеткізілсе, кім білсін, бәлкім әкем аман қалар ма еді», – деп күрсінеді Сымбат Білімбек.
Такси Нұрбай Білімбекті үйіне алып барғанша 30-40 минут уақыт өтеді, ол жерден ауруханаға дейін тағы бірнеше сағат уақыт жоғалтады.
«Әкем ауруханаға жеткенде комаға түсті де, есін жимады. 20 мамыр күні қайтыс болды. Қайғы басып жүріп, араға 4-5 күн түсті. Әкемді жерлеп барып, компаниядан жауап алуға барғанымызда олар бастарын алып қашты. Біресе басқа бөлімшеге, біресе Елордадағы бас бөлімшеге сілтеді. Содан кейін барып, облыстық еңбек инспекциясына хабарластық. Олар оқиғадан бейхабар екен. Сонда Синьсин өз қызметкерінің құлағаны жайлы не бізге, қайтыс болғаны жайлы құзырлы органдарға хабарламаған», – дейді марқұмның қызы.
Қазір еңбек инспекциясы оқиғаны есепке алып, тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Компанияның ШҚО-дағы өкілдері тергеу кезінде «ол үйінде құлаған шығар, біз нақты білмейміз, қан қысымы жоғары болса неге жұмысқа шығады» деген жауап берген. Бірақ, Нұрбай Білімбек құлаған кезде ауылдағы учаскелік полицияге түсініктеме берген. Олардың базасына жарақаттың жұмыс жағдайында алынғаны жазылыпты.
«Полиция криминалдық әрекеттер жасалған ба соны тексеру үшін жауап алған. Ол кезде марқұм тірі болған. Екбек жағдайындағы жарақат болғаны үшін, істі тергеп-тексеру полиция құзыретіне жатпайды. Олар деректерді еңбек инспекциясына жолдаған.Еңбек инспекциясы қолдарына хабар түссе де тексерістің уақытын ұзартып жіберген. Кейін хабарламағаны үшін хаттама толтырған. Енді екінші рет тергеу жұмыстары жүргізілуі керек еңбек инспекциясының жұмысы бір хаттамамен тоқтап тұр. Ал, Синьсин бұл хаттаманың күшін жойғызғысы келеді. Осылайша бір адамның өлімі еш ескерусіз қалмақ», – дейді іспен айналысып жатқан адвокат Рауан Асенов.
«Жұмыс орнында ешқандай медпункт жоғын көзіммен көрдім. Жұмысшы жұмысқа келгенде ауысымдағы медициналық тексеріс жүргізілмеген», – дейді С. Білімбек.
Компания жайлы дерек іздеп отырып жұмыс берушілер сайтынан Синьсин компаниясының ШҚО, Қабанбай ауылындағы бөлімшесіне медициналық қызметкер іздеп жатқанын байқадық. Ваканция 2021 жылдың 25 мамыр күні жарияланған. Аталған бөлімшеде техникалық қауіпсіздік шаралары да қатаң сақталмауы мүмкін. Өйткені мамырдың 28 күні осы бағытта еңбек ететін адам іздепті.
Сымбат Білімбектің айтуына қарағанда облыстық еңбек инспекциясы тергеу нәтижелерімен марқұмның туыстарын таныстырмай отырған көрінеді.
«Басшылық жауап беруден қашқақтап тұр. Тергеу қорытындысын білу үшін өтініш жазуым керегін айтты. Өтініш 19 жұмыс күні ішінде қаралады екен. Оны да жаздым. Бірақ, сол жерде жұмыс істейтін танысым тергеу қорытындысы бойынша компания кінәлі деп табылғанын айтты. Ал, ондағылар «қайда барсаңдар да, кімге айтсаңдар да жауапкершілікті мойнымызға алмаймыз» деп еңбек инспекциясының аузын жауып отырғанға ұқсайды», – деді С. Білімбек.
Мәселенің мән жайын білмекке арнайы ШҚО-дағы еңбек инспекциясына хабарластық. ШҚО Бас еңбек инспекторы Бақытбек Құрманбекұлына хабарласқанымызды айтқанда тұтқаны көтерген қызметкер сәл күттіріп, кейіннен өзіміз хабар береміз деп нөмірімізді алып, сол күйі хабарласпады. Жауап болмағасын облыстық инпекцияны былай қойып, тікелей ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арнайы сауал жолдадық. Сауалымызға көп күттірмей еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті жауап беріпті. Басқарма төрағасы Е. Нұрғалиев берген жауапта Қытайлық компанияның заңсыздығы дәлелденіп, айыппұл салынғаны тайға таңба басқандай жазулы.
«Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметі бойынша Тарбағатай аудандық полиция бөлімінің материалы негізінде және ауруханадан Б. Нұрбай болған апат туралы хабарлама бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы 2021 жылдың 31 мамыры мен 2 маусымы аралығында «Қытай Синсин» құрылыс-даму компаниясы» ЖШС-ның филиалындатексеріс жүргізді. Тексеру барысында жұмыс беруші тәулік ішінде бірден 2021 жылы 15 мамырда Нұрбай Білімбекпен болған өлім нәтижесімен аяқталған жазатайым оқиға туралы жергілікті еңбек инспекциясы органына хабарламағаны анықталды, бұл Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 187-баптың 2-тармағы 1) тармақшасын бұзу болып табылады. Тексеру нәтижесі бойынша Басқарма жұмыс берушіге өндірістік жазатайым оқиғаны уақтылы хабарламаған үшін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарып, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексі 96-баптың 1-бөлігіне сәйкес 408 380 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды», – делінген хатта.
Біз жолдаған сауалда компания кінәлі деп табылса қандай шара қолданылатыны жайлы сұраған едік. Бір адамның өлімі, оған кінәлі азаматтардың жазасы 408 мың 308 теңгемен өлшенбесе керек. Әйтпесе миллиондаған қаражаты бар Чжао Юедоу (ашық ақпарат көзінен – Синьсин компаниясының басшысы) секілділер талай момынның жанын алып, туысының көз жасына қалмай ма?!
Министрлік «2021 жылғы 16 маусымдағы № 98 Басқарманың бұйрығымен мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен Б. Нұрбаймен болған адам өліміне байланысты апатты тергеп-тексеру үшін комиссия құрылды», – деп жауап берді. Әліптің артын бағайық.