Қазақстандағы ең тәртіпсіз банк белгілі болды

Халық Банкі 2019 жылы 70 рет ереже бұзып, антирейтингте көш бастады. Алғашқы үштікте Forte Bank пен Сбербанк та бар. Өткен жылы 294 рет ереже бұзған 21 қаржы институты мемлекетке небәрі 18 миллион теңге айыппұл төлеген.
Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) кешеден бастап қаһарына мінді. Кеше төрайымы үкімет алдында агенттіктің биыл немен айналысатынын баяндап, премьер Маминның батасын алып алған болатын. Бүгін өткен жылы ереже бұзған 21 қаржы ұйымының атын атап, түсін түстеп отыр.
2019 жылы банктерге қатысты қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау аясында 294 ықпал ету шарасы, оның ішінде:
- 32 әкімшілік айыппұл;
- 259 қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шарасы;
- 3 жазбаша ұйғарым қолданылды.
Соңғы кездері банктердің жиі тәртіп бұзатыны байқалып отыр. Негізінен банктер клиенттері туралы мәліметті оның келісімінсіз кредиттік бюроға берген және алған, төлемдер және ақша аударымдары бойынша нұсқауларды уақтылы орындамаған және азаматтарға несие бергенде процентті дұрыс көрсетпей алдаған.
Тақырыпқа орай: Әбілқасымова биыл немен айналысатынын жариялады