Қазақстандағы жылу желілерінің тозуы 48 пайызға дейін төмендеді
Қазақстанда жылу желілерінің тозу деңгейі 48 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.
Астана, NEGE. Министрдің мәліметінше, биыл жылыту маусымына дайындық аясында электр станцияларында 8 энергия блогы, 49 қазандық және 37 турбина жөндеуден өтті. Сонымен қатар өңірлік электр желілеріндегі 17,1 мың шақырым электр беру желісі мен 444 қосалқы станцияны жөндеу жұмыстары аяқталған. Жылу желілерінің 377 шақырымы да толық жөнделді.
«Еліміздің энергия көздерінде қажетті жабдықтар құрамы қамтамасыз етілген. Қалған барлық жөндеу жұмыстары резервтік жабдықтарда жүргізілуде және жылыту кезеңінің өтуіне әсер етпейді», – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің сөзінше, жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы электр станцияларында 384 млрд теңгеге, электр желілерінде 393 млрд теңгеге және жылу желілерінде 198 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Нәтижесінде электр станциялары жабдықтарының тозу деңгейі 52 пайызға, электр желілерінікі 65,7 пайызға, ал жылу желілерінікі 48 пайызға дейін төмендеді.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың алғашқы 10 айында Қазақстанда 102 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл өткен жылға қарағанда 2,3 пайызға көп.
Министр сондай-ақ биылғы жылыту маусымында электр энергиясына түсетін ең жоғары жүктеме 18 200 МВт болады деп болжанып отырғанын айтты. Бұл өткен жылғы ең жоғары көрсеткіштен 3 пайызға артық.
Энергия көздерінің отын қоймаларында қазіргі уақытта 5,8 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут бар. Барлық станция нормативтік отын қорымен қамтамасыз етілген.