USD
USD
USD

Қазақстандағы шипажайлардың өзі емге мұқтаж – депутат

Қазақстандағы санаторийлік-курорттық нысандардың жартысына жуығының, яғни 41%-ының жабдықталуы мен сервис деңгейі қанағаттанарлықсыз. Көбінің инфрақұрылымы тозған, материалдық базасы ескірген.

Екатерина Смолякова
Фото: Видеодан кадр/Екатерина Смолякова

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова мәлімдеді. Ол премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың атына жолдаған депуттаттық сауалында Қазақстанның санаторийлік-курорттық әлеуетіне тоқталды.

Смолякованың мәлімдеуінше, Қазақстанда 257 санаторийлік-курорттық ұйым болса, соның 70%-ы ауылдық жерде орналасқан. Депутат бұл статистиканы өңірлерді дамыту, жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік пен ішкі туризмді күшейтуде зор ресурс деп есептейді. Бұл ретте Смолякова санаторийлер туралы бірыңғай объективті статистика жоқ екеніне назар аударды. Денсаулық сақтау министрлігі, Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының жіктеуі синхрондалмаған.

«Денсаулық сақтау министрлігі "менікі", Туризм министрлігі "сенікі" деп жүрген кезде шипажайлардың өзі емге мұқтаж боп қалғаны өкінішті. Жетісудағы Қапал-Арасан, Текелінің әйгілі санаторийлері, Мойылды, Рахман қайнары және басқа да нысандар – Қазақстанның дайын туристік капиталы. Алайда көптеген санаторийдің бүгінгі жағдайы, өкінішке қарай, көңіл көншітпейді: инфрақұрылымы тозған, материалдық базасы ескірген», – дейді депутат.

Сондай-ақ Смолякова санаторийлік-курорттық нысандардағы санитарлық жағдай, қоқыс, жағажай, құтқару қызметі, жарықтандыру, навигация, байланыс пен абаттандыру бойынша жауапкершілік әлі де шашыраңқы екенін атап өтті.

Депутат бұл мәселенің шешімі ретінде оларды бюджет есебінен жөндеу емес, бизнеске инвестиция салуға жағдай жасау екенін алға тартты.

Осы жайттарды ескере отырып, депутат Үкіметке санаторийлік-курорттық ұйымдардың бірыңғай жіктемесін бекітуді, санаторийлік емдеу мен туристік қызметтің құқықтық аражігін нақтылауды, курорттық аумақтардың инфрақұрылымы үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жауапкершілігін нақты белгілеуді ұсынды. 

Сондай-ақ санаторийлерді жаңғыртуға инвестиция салатын кәсіпкерлер үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру және инвестициялық ынталандыру тетіктерін қарастыру ұсынылды.

«Біз жаңа туристік нүктелерді іздеп жүрміз. Бірақ кейбірін іздеудің қажеті жоқ. Олар бізде бұрыннан бар. Оның елеулі бөлігі - ауылдарда», – деп атап өтті Құрылтай депутаты.

Бұл ретте депутат мемлекет пен бизнестің мүмкіндігін біріктіріп, осы дайын әлеуетке жаңа серпін беру қажет деп есептейді.

Қазір оқып жатыр

Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің төрағалығына Ерлан Қошановты ұсынды

Ерлан Қошанов

Қазақстан халықаралық банктен 6 млрд доллар қарыз тартады: Жұманғарин «алаңдауға негіз жоқ» дейді

Халықаралық банктен қарыз тарту

Қазақстан су ресурстарын басқаруда жаңа тәсілдерді қалай енгізуде?

Су ресурстары

Мусин, Тукиев, Жатқанбаева: Тоқаев Конституциялық сот судьясы етіп кімдерді тағайындады?

Конституциялық сот судьялары