USD
USD
USD

Қазақстандағы 1С деректері қайда сақталады?

«Яндекстің» дата-орталықтарына жасалған шабуылдан кейін жеке деректерді өңдейтін шетелдік сервистердің қауіпсіздігіне қатысты сауалдар туындады. Осыған байланысты NEGE редакциясы кемінде 150 мың кәсіпорын пайдаланатын 1С жүйесінің өкілдеріне бірнеше сұрақ жолдады.

1C
Фото: NEGE/ЖИ иллюстрациясы

Астана, NEGE. Decaf. подкастына берген сұхбатында TSARKA басшысы Олжас Сәтиев «Яндекс» қызметіндегі ақаудан кейін Қазақстанда қолданылып жүрген сервистерді тексеріп, ықтимал қауіптерді бағалау қажет екенін айтты.

«Мысалы, бізде 1С бухгалтерлік бағдарламасы бар. Қазір оның өкілдері серверлерінің Қазақстанда орналасқанын айтып отыр. Бірақ сол серверлерге бірдеңе болса, не болатынын және оның қандай қауіп төндіретінін алдын ала бағалауымыз керек», – деді ол.

Редакция компания өкілдерінен пайдаланушылардың деректері қайда сақталатынын және техникалық ақаулар кезінде олардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін сұрады.

«1С Қазақстан» компаниясының мәліметінше, 1С бұлттық сервисінің инфрақұрылымы толығымен Қазақстан аумағында орналасқан. Ал бағдарламаның жергілікті нұсқаларын пайдаланатын кәсіпорындардың деректері өздерінің IT-инфрақұрылымында сақталады.

Компанияның хабарлауынша, 2026 жылы есептеу қуаттары кеңейтіліп, негізгі дата-орталықпен бірдей екінші дата-орталық іске қосылған. Қазіргі уақытта инфрақұрылым 25 физикалық серверді, деректерді сақтаудың заманауи жүйесін және жоғары жылдамдықты байланыс арналарын қамтиды.

«Екі дата-орталықтың болуы технологиялық ресурстарды бөлуге және бұлттық сервистердің ақауларға төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл инфрақұрылымды дамыту бағдарламалық өнімдердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ деректерді сақтау және өңдеу жүйелерінің орнықтылығын арттыруға бағытталған», – деп жауап берді компания.

Компания өкілдерінен серверлер орналасқан дата-орталықтар мен өңірлерді де сұрадық. Алайда компания ақпараттық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, нақты орналасқан жерлері туралы мәлімет бермеді.

1С жүйесінде іркіліс болмаған

Компанияның мәліметінше, қазіргі таңда 1С сервистерінің жұмысында ақаулар жоқ. Қазақстандық пайдаланушылар ақпараттық жүйелермен қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

«Қазақстандық пайдаланушылар өздерінің ақпараттық жүйелерімен қалыпты режимде, осы оқиғаларға байланысты қандай да бір шектеулерсіз жұмыс істеуді жалғастырып отыр», – деп хабарлады компания.

Компания мәліметінше, бағдарламалық өнімдер Қазақстан заңнамасының талаптарына бейімделеді. Атап айтқанда, бухгалтерлік және салық есебін жүргізу, Мемлекеттік кірістер комитетіне, статистика органдарына және басқа да мемлекеттік құрылымдарға есептілік ұсыну талаптары ескеріледі.

Компания өкілдерінің түсіндіруінше, жеке деректердің қауіпсіздігі 1С бағдарламасының қай нұсқасы қолданылатынына байланысты. Егер бағдарлама компьютерге немесе кәсіпорынның өз серверіне орнатылса, деректердің сақталуына, олардың резервтік көшірмесін жасауға және бағдарламаның техникалық қызметіне сол ұйымның өзі жауап береді.

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді

Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстанда алтын өндіру көлемі 11%-ға азайды

алтын өндірісі

Hyundai өрт шығуы мүмкін деген қауіппен 95 мыңға жуық Genesis көлігін кері қайтаруда

автокөлік

Қатардан – инвестиция, Каспийге – қорған, экология: Тоқаев халықаралық кездесулерде не айтты?

Қасым-Жомарт Тоқаев