9 Желтоқсан 19:45

Қазақстанда телефон қолданушының үштен бірі алаяқтыққа тап болған

Фото:

Kaspersky Who Calls қосымшасының мәліметтері бойынша, 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстандағы спам қоңырауларын алған пайдаланушылардың үлесі 76,2%-ды құрады.

Алматы, NEGE. Бұл ретте шамамен үштен бірі (30,3%) алаяқтармен бетпе-бет келген. Жыл бойы мұндай қоңыраулар саны өсіп отырған. Егер бірінші жартыжылдықта 74,7% спамға тап болса, қазірдің өзінде 85,8%-ға жеткен. Алаяқтар бұрынғыдан да белсенді бола бастаған.    Олардан қоңырау түскен пайдаланушылардың үлесі 23,2%-дан 42%-ға дейін өсті.

Ал өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстыру әккі алаяқтардың жаңа схемасы. Олар әңгіме барысында банк картасының деректемелерін, құпия сөздерін, пин-кодтары мен басқа да ақпаратты сұрап алуға барынша тырысады. Тіпті, қауіпсіз шотқа ақша аударуды өтінуі мүмкін. Ол ол ма, «құқық қорғау қызметкерлерінен қоңырау түсті» деген қитұрқы әрекетке барады.   

Тағы бір танымал схема – жүлде ұтып алғаны туралы мәлімдейтін қоңыраулар. Яғни, «автокөлік ұтып алдыңыз» деп хабарласып, жүлдені рәсімдеу үшін шағын комиссия төлеуді сұрауы мүмкін.

Одан бөлек бұрынғыдай хабарландырулар сайттарынан түсетін қоңыраулар әлі де жиі кездеседі. Алаяқ өзін бір заңды ұйымның қызметкері ретінде таныстырып, тауарын сатып алуды және ақшаны картаға аударуды ұсынады. Содан кейін жалған веб-сайтқа бағыттап, қажетті жолдарды толтыруды сұрайды. Оған банк картасының деректемелері, пин-кодтар мен шоттағы ақшаны ұрлау үшін пайдалануға болатын басқа да мәліметтер кіреді.

«Телефон алаяқтығы тек қана Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де басты киберқауіптердің бірі болып қала береді. Киберқылмыскерлердің схемалары әлі де тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді және олардың жемтігіне айналғандар саны азаймай тұр. Әсіресе, мереке кездерінде мессенджерлер арқылы қоңырау шалады. Сондықтан халық бұрынғыдан да қырағы бола түскені жөн», – дейді Касперский зертханасының Қазақстандағы, Орталық Азия мен Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубанов.

Телефондық алаяқтықтан қорғану үшін Kaspersky Lab сарапшылары төмендегідей кеңес береді:

• телефон арқылы ешкімге құпия ақпаратты, соның ішінде шоттың логиндері мен парольдерін, СМС және push-хабарламалардың кодтарын, банк картасының деректемелерін, пин-кодтарын бермеңіз;

• шұғыл түрде әрекет ету туралы өтініштерден сақ болыңыз: бұл алаяқтықтың басты белгілерінің бірі. Тіпті, әңгіме маңызды мәселе туралы болып жатса да, ақпаратты қайта тексеріп, мысалы, банк бөлімшесіне тікелей хабарласыңыз. Сондай-ақ, сізге эмоционалдық қысым көрсетсе немесе қорқытса, сақ болу керек;

• электрондық поштадан, мессенджерлік хабарламалардан немесе СМС-пен келген күдікті сілтемелерге өтпеңіз;

• қажетсіз қоңыраулардан қорғану үшін сенімді шешімдерді пайдаланыңыз, мысалы, Kaspersky Who Calls. Қоңырау шалу кезінде пайдаланушы оны қайдан шалынып жатқанын көреді. Мысалы, такси қызметінен немесе тамақ жеткізу қызметінен. Сондай-ақ қолданба ықтимал спам, алаяқтық және қыр ізіңнен қалмайтын жарнама туралы ескертеді. Сол кезде мұндай қоңырауларды автоматты түрде бұғаттауға болады.  

Тегтер: