Қазақстанда дәрі-дәрмекті сатып алу рәсімдері жеңілдетілді
Қазақстанда дәрілік заттарға қажеттілікті қамтамасыз ету үшін маңызды жедел шаралар қабылданды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. «Препараттарды жоспарлау және сатып алу үшін барлық негізгі рәсімдер жеңілдетілді: дәрі-дәрмекті сертификаттау мерзімі қысқартылды және процедуралар 1 айдан 3 күнге дейін жеңілдетілді, бір жолғы әкелуге рұқсат бір тәулік ішінде берілетін болды. Ал COVID-19 емдеуге арналған жаңа препараттарды тіркеу процедурасы 6 айдан 2 айға дейін тездетілді», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі Telegram желісінде.
Сонымен бірге, Ресей мен Үндістанға жасалған 6 әуе рейсі арқылы дәріханалардың бөлшек сауда желісі 4 млн қаптама дәрімен қамтылды. Олардың қатарында-вирусқа қарсы және ыстықты төмендететін препараттар, антикоагулянттар мен антибиотиктер және басқа да қажетті заттар бар. «Дәрі-дәрмектер өңірлердегі дәріханаларға біркелкі бөлінеді және дәрі-дәрмек қажеттілігін өтеу үшін мұндай шаралар үнемі ұйымдастырылатын болады. Барлық өңірлерде дәрі-дәрмекпен қамту үшін арнайы тұрақтандыру қорлары құрылды. Оның ішінде Алматы қаласында – 5 млрд теңге, Нұр-Сұлтанда – 1,2 млрд теңге, Шымкентте – 180 млн теңге, Ақтөбе облысында – 500 млн теңге, Шығыс Қазақстан облысында – 250 млн теңге қор бар», – дейді министрлік.