Қазақстанда ана мен балаға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып берді.
Алматы, NEGE. Өз сөзінің басында спикер балалы отбасылардың құқықтарын қорғау және заңды мүдделерін қорғау әрқашан елдің мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі болғанын атап өтті, деп хабарлайды ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.
«Бүгінгі таңда балалы 1,9 млн отбасы әлеуметтік жәрдемақы мен төлем алушылар болып табылады. Ана мен баланы әлеуметтік қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі және бюджеттен төленетін жәрдемақылардың 5 түрін және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) берілетін 2 төлем түрін қамтиды. Биылғы жылы бұл мақсаттарға 756 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылғы шығындардан 19%-ға артық (2020 жылы – 635,3 млрд теңге)», – деді Асқар Ниязов.
Ол сондай-ақ базалық деңгейде мемлекет республикалық бюджет қаражаты есебінен бала тууға 110 846 теңгеден 183 771 теңгеге дейін біржолғы жәрдемақы алуға кепілдік беретінін атап өтті. 2020 жылы ол 52,3 млрд теңге сомасына 430,7 мың адамға төленді. 2021 жылы жәрдемақының бұл түріне 51,4 млрд теңге қарастырылған, 6 айда оны 186,8 мың адам 24,6 млрд теңге сомасында алды.
«Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы төлеу қарастырылған. Жәрдемақының бұл түрі екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін арттырыла отырып, баланың туу кезектілігіне байланысты төленеді. 2020 жылы бұл жәрдемақыны 120,9 мың адам жалпы сомасы 31,7 млрд теңгеге алды, 2021 жылға 26,2 млрд теңге қарастырылған, оның 6,8 млрд теңгесі төленді», – деп толықтырды Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры.