Қазақстанда жаңартылатын энергияның үлесі алты жылда төрт есе өсті
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының үлесі соңғы алты жылда 2%-дан 8%-ға дейін өсті. Қазір елде жалпы қуаты 3,8 ГВт-тан асатын 172 ЖЭК нысаны жұмыс істейді.
Астана, NEGE. Олардың қатарында 71 жел, 54 күн, 44 су электр станциясы және үш биогаз станциясы бар.
2025 жылы бұл нысандар 8,6 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірді. Бір жылдың ішінде жалпы қуаты 500 МВт-тан асатын тоғыз жаңа нысан іске қосылған.
2026 жылы тағы 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың жалпы қуаты 245 МВт болады. Жоспар бойынша төрт жел, бес күн және бір су электр станциясы іске қосылады. Жыл соңына қарай ЖЭК нысандары өндіретін электр энергиясының көлемі 8,8 млрд кВт·сағ-қа жетуі мүмкін.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы қуаты 3,6 ГВт болатын шамамен 100 жобаны іске асыру көзделген. Тағы 4 ГВт көлеміндегі ірі жобалар әзірленіп жатыр.
Салаға TotalEnergies, China Power, Masdar және China Energy секілді халықаралық компаниялар тартылған. Билік жаңартылатын энергетиканы дамыту арқылы электр өндірісіндегі таза энергияның үлесін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.