Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауыты салынуы мүмкін
Қазақстанда қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытының жылдық қуатын 27,7 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып, Ақтөбе облысында қуаттылығы 2 млн тонна болатын жаңа зауыт салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Астана, NEGE. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, биыл мұнай өңдеу саласын дамытудың арнайы тұжырымдамасы әзірленген.
Құжат аясында қолданыстағы үш зауытты жаңғыртып, олардың өндірістік қуатын арттыру көзделіп отыр. Жаңғырту нәтижесінде өндірілетін автокөлік отыны Еуро-5 стандартына сәйкес болуы тиіс.
Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында жылына 2 млн тонна мұнай өңдейтін орташа қуатты зауыт салу жобасы пысықталып жатыр.
«Ол ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін Орталық Азия елдеріне де жеткізеді. Қазір көрші мемлекеттерде мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты іркілістер бар. Қазақстан ресурсы мол ел ретінде оларды қажетті өніммен қамтамасыз ете алады», – деді Ерлан Ақкенженов.
Жобаны жүзеге асыру шамамен екі жылға созылмақ. Министрдің сөзінше, жаңа кәсіпорын қосымша автокөлік жанармайы мен басқа да мұнай өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.