Қазақстанда зейнетақы аннуитеттерінің жаңа нұсқалары ұсынылмақ
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанда жинақтаушы сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейтуді көздейтін құжат әзірледі. Бұл бастама «Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» жобасында қарастырылған.
Астана, NEGE. Болашақта қазақстандықтарға зейнетақы шешімдерінің көп түрін – кепілдендірілген төлемдері бар стандартты өнімдерден бастап инвестициялық құрамы бар өнімдерге дейін ұсыну жоспарлануда.
Зейнетақы аннуитеті – сақтандыру ұйымы адамға ұзақ өмір сүру қаупін қабылдай отырып және белгіленген мерзімге немесе өмір бойы төлемдерді қамтамасыз ете отырып, жинақтары арқылы тұрақты зейнетақы кірісін төлейтін сақтандыру шарты. Бүгінгі таңда азаматтарға өмірлік сақтандыру төлемдерін алуды қамтамасыз ететін шұғыл, кейінге қалдырылған және бірлескен (ерлі-зайыптылық) зейнетақы аннуитеттері қолжетімді. Сондай-ақ негізгі өнім кепілдендірілген зейнетақы аннуитеті болып қала береді.
Бұл ретте Агенттік өкілдері инвестициялық-байланысты аннуитет пен гибридті аннуитет енгізуді ұсынып отыр.
«Инвестициялық-байланысты аннуитет (unit-linked) зейнетақы қорғанысын инвестициялық табыс алу мүмкіндігімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Нәтиже таңдалған инвестициялық портфельдің немесе нарықтық индекстің кірісіне байланысты болады. Болашақта жинақтар өмір бойы төленетін кепілдендірілген зейнетақы аннуитетіне аударылуы мүмкін», – делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндірмесінде.
Ал гибридті аннуитетте аражат бірден екі бөлікке бөлінеді: біреуі өмір бойы кепілдендірілген төлемдерді қамтамасыз етеді, ал екіншісі қосымша табыс алу үшін инвестицияланады. Осылайша, азамат бір мезгілде кепілдендірілген зейнетақы алып, инвестициялық табысқа қатыса алады.
Аннуитет түрін таңдауды жеңілдету үшін зейнетақыны жоспарлаудың бірыңғай цифрлық сервисін құру жоспарланған. Оның көмегімен қазақстандықтар зейнетақы өнімдерін салыстырып, қолайлы нұсқаны таңдайды және дербес зейнетақы жоспарын ала алады.