USD
USD
USD

Қазақстанда туу туралы куәлікке баланың суреті енгізілуі мүмкін

Қазақстанда балалардың жеке басын туған сәтінен бастап фотосурет арқылы растау тетігі әзірленіп жатыр. Оқу-ағарту министрлігі ата-анасының келісімімен қажет болған жағдайда баланың фотосы бар деректерді ұсынуды қарастырмақ.

сәби
Фото: freepik.com

Астана, NEGE. Құрылтайдағы Үкімет сағатында депутат Екатерина Смышляева балаларды туғаннан бастап сәйкестендіру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, туу туралы куәлікте баланың жеке басын нақты анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтер жеткіліксіз.

Депутаттың сөзінше, құжатты басқа балаға көрсету немесе балаларды ауыстырып алу сияқты жағдайлардың алдын алу үшін қосымша сәйкестендіру тетігі қажет. Бұл мәселе «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында да қарастырылған.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, ведомство Әділет және Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, баланың жеке басын фотосурет арқылы растау мүмкіндігін зерделеп жатыр.

«Ата-анасының келісімімен баланың фотосы бар сәйкестендіру деректерін ұсыну мүмкіндігін қарастырып отырмыз», – деді министр.

Сонымен қатар, министр бала 16 жасқа толғанға дейін ата-анасынсыз сапарға шықса, қиын жағдайға тап болса немесе мемлекет тарапынан шұғыл көмек қажет болса, ата-ана баласының жеке басын сурет арқылы растап отыруы мүмкін екенін айтты. 

Министрдің сөзінше, бұл мәселені шешу үшін балалардың биометриялық деректерін жинауға қойылатын заң талаптары мен жеке мәліметтерді қорғау мәселелерін ескеру керек.

Ал Әділет вице-министрі Айдар Жарылғанов қазіргі туу туралы куәлікті рәсімдеу тәртібінде баланы суретке түсіру талабы жоқ екенін түсіндірді. Құжат медициналық ұйым берген туу туралы анықтама немесе сот шешімі негізінде рәсімделеді. Бұл кезде тіркеуші орган қызметкерлері баланы өздері көріп, жеке басын анықтамайды. Кей жағдайда ата-ананың құжат алу үшін мекемеге баруы да қажет емес.

Вице-министрдің айтуынша, егер заңнамаға өзгеріс енгізілсе, баланы суретке түсіруді денсаулық сақтау жүйесі арқылы ұйымдастыруға болады. Өйткені өмірінің алғашқы жылдарында балалар медициналық бақылауда болады. Дегенмен баланың сырт келбетінің жасына қарай өзгеруі сияқты техникалық мәселелерді де ескеру қажет.

Әзірге туу туралы куәлікке фотосурет енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Қазір оқып жатыр

Қамауда 119 бала отыр: министр олардың оқу мәселесін қалай шешпек?

сотталған

Қазақстанда балаларға кешкі мектептерде оқуға тыйым салынуы мүмкін

мектеп БҚО

Қарағандыда инвесторларға жер бермеген екі шенеунікке 865 мың теңге айыппұл салынды

Шенеунік

«Мұғалімдерді мәжбүрлемейміз»: министр ақылы курстарға қатысты пікір білдірді

Атаналар чаты