Қазақстанда туған 22 мыңнан астам медбике шетелде жұмыс істейді – ЭЫДҰ
2020–2021 жылдары 22 070 қазақстандық медбике мен 3 454 дәрігер ЭЫДҰ ұйымына мүше елдердің денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істеген. Бұл туралы ЭЫДҰ-ның (OECD) халықаралық көші-қон жөніндегі 2025 жылғы есебінде көрсетілген.
Астана, NEGE. International Migration Outlook 2025 есебінде ЭЫДҰ елдеріндегі медицина мамандарының халықаралық көші-қоны туралы деректері жарияланған.
Құжатқа сәйкес, шетелде жұмыс істейтін Қазақстанда туған медбикелердің саны 2000–2001 жылдармен салыстырғанда 236 пайызға өскен. Ол кезде олардың саны 6 573 болған. Ал медбикелердің эмиграция деңгейі 15,2 пайызға жетті. Бұл Қазақстанда туған медбикелердің шамамен әр жетіншісі шетелде жұмыс істейді деген сөз.
Дәрігерлер арасында да осындай үрдіс байқалады. 2020–2021 жылдары ЭЫДҰ елдерінің клиникаларында Қазақстанда туған 3 454 дәрігер еңбек еткен. 2000–2001 жылдары олардың саны 945 болған. Ал дәрігерлердің эмиграция деңгейі 4,6 пайызды құраған.
Осылайша медбикелердің шетелге қоныс аудару көрсеткіші бойынша Қазақстан 25 елдің ішінде 16-орынға жайғасты.
Есепте ЭЫДҰ елдерінің денсаулық сақтау жүйесі шетелден келген дәрігерлер мен медбикелерге едәуір тәуелді екені де айтылады. 2020–2021 жылдары ұйымға мүше мемлекеттерде шетелде туған 830 мыңнан астам дәрігер мен 1,75 миллион медбике жұмыс істеген.
Ұйым мәліметінше, медицина мамандарын шетелден тарту саясаты өзгеріп келеді. Дегенмен дипломдарды тану мен кәсіби лицензия алу шетелдік мамандардың еңбек нарығына кіруіне кедергі келтіретін негізгі мәселелердің бірі болып отыр.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша келтірілген көрсеткіштер 2020–2021 жылдардағы деректерге негізделді. ЭЫДҰ есебінде мамандардың шыққан елін туған жері бойынша анықталды. Сондықтан бұл сандардың барлығы Қазақстанда білім алған немесе елден тікелей көшіп кеткен медицина қызметкерлерінің саны дегенді білдірмейді.