Қазақстанда Toyota мен Lexus көліктерін несиеге беретін компанияға ескерту жасалды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» микроқаржы ұйымынан заңбұзушылықтарды жоюды талап етті. Компания кемшіліктерді 2026 жылғы 20 желтоқсанға дейін түзетуі керек.
Астана, NEGE. Ведомство 5 қарашада компанияға жазбаша нұсқама берген. Тексеру барысында микроқаржы қызметі және кредиттік бюролар туралы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.
Мәселе қарыз алушылар туралы ақпаратты кредиттік бюроларға уақытында бермеу және олардың кредиттік тарихын дұрыс қалыптастырмауға қатысты.
Әзірге компанияға тек жазбаша нұсқама берілді. Ақшалай айыппұл салынғаны туралы ақпарат жоқ.
Айта кетейік, «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» Қазақстанда 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Компания Toyota және Lexus автокөліктерін ресми дилерлік желі арқылы сатып алушыларға қаржылық қызмет көрсетеді.