Қазақстанда төрт фармацевтикалық компания қолдан жасалған, қауіпті дәрілер сатып келген
Алматы қаласында төрт фармацевтикалық компанияның заңсыз қызметі әшкере болды.
Астана, NEGE. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, аталған компаниялар күшті әсер ететін медикаменттерді көршілес мемлекеттерден контрабандалық жолмен әкеліп, кейін оларды еліміздің дәріханалар желісі арқылы өткізіп келген. Арнайы операцияны Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп жүргізген.
Тергеу барысында күдіктілердің дәрілік заттарды, соның ішінде құрамында психотроптық заттары бар препараттарды қолдан жасалған тәсілмен заңсыз өндіргені анықталып, бірнеше қойма мен жасырын өндірістік цех табылған. Контрафактілік өнімдер антисанитариялық жағдайда дайындалғандықтан, ел тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері заңсыз қызметті ұйымдастырушыларға ақшалай сыйақы үшін қолдау көрсеткен лауазымды тұлғалар анықталып, ұсталғанын хабарлады. Олардың әрекеттері Қылмыстық кодектің пара алу бабы бойынша сараланған.
«Тауар айналымы мен қаржылық ағындарға жүргізілген талдау көлеңкелі схемалардың, контрабандалық және контрафактілік қызметтің болғанын растады. Алдын ала мәліметтер бойынша, өткен жылы мемлекетке 800 миллион теңгеден астам сома көлемінде салықтар мен өзге де міндетті төлемдер төленбеген», – делінген хабарламада.
Полицейлер тексеру нәтижесінде ірі көлемдегі ақшаны, ондаған мың қаптама жалған дәрілік препараттарды, оның ішінде айналымы шектелген дәрілерді, сондай-ақ өндіріс жабдықтары мен шикізатты тәркіледі.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Бұған қоса полицейлер қылмысқа қатысы бар басқа да адамдарды, сондай-ақ дәрілік заттарды жеткізу арналарын іздестіріп жатқанын атап өтті.