Қазақстанда Telegram жұмысы баяулады: жауапты мамандар не дейді?
13 тамызда Қазақстан тұрғындары Telegram мессенджерінің жұмысы баяулағанына шағымданды. Желі қолданушыларының мәлімдеуінше, хабарлама жіберу, фото және видеоларды жүктеу кезінде қиындықтар туындаған. Кей жағдайда қосымша мүлде қосылмаған.
Астана, NEGE. Шағымдарға қарағанда, Telegram-дағы мәселелер негізінен мобильді интернет арқылы қосылған кезде байқалған.
Detector404 порталының мәліметінше, қазақстандықтар Telegram жұмысының бұзылғанына шамамен сағат 11:25-тен бастап шағымдана бастаған. Шағымдар көбінде Алматы, Астана қалаларының және Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындарынан түскен.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Telegram жұмысында қиындықтар туындағанын растап, қазіргі уақытта мамандар мән-жайды тексеріп жатқанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта Telegram мессенджерінің қолжетімсіз болуына байланысты қолданушылардан жекелеген өтініштер түсіп жатыр. Техникалық мамандар жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
«Қазақтелеком» компаниясы өкілдерінің хабарлауынша, мессенджер трафигі Франкфурт пен Мәскеудегі негізгі халықаралық пиринг нүктелерінде күрт төмендеген. Пиринг – интернет-провайдерлердің деректерді тікелей алмасу туралы келісімі.
Бұл ретте оператордың өз желісінде ешқандай мәселе анықталмаған:
«"Қазақтелеком" АҚ-ның жауапкершілік аймағында апаттар, техникалық ақаулар немесе инфрақұрылым жұмысына қатысты ішкі бұзушылықтар тіркелген жоқ. Оператор желісі штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – делінген компания хабарламасында.
Ақаудың себебін анықтау үшін «Қазақтелеком» Telegram-ның әкімшілік-техникалық тобына ресми сауал жолдаған. Компания жауап алғаннан кейін қосымша ақпарат беретінін хабарлады.