Қазақстанда сүт безі обыры диагнозымен 150-ге жуық ер адам тіркеуде тұр
Сүт безі обыры әйелдермен қатар, ер адамдар арасында да кездесуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған соңғы деректерге сәйкес, Қазақстанда осы диагнозбен 149 ер адам диспансерлік бақылауға алынған.
Астана, NEGE. Сүт безі обырымен тіркеуде тұрған ер адамдардың басым бөлігі зейнет жасындағы ер адамдар екені мәлім болды, яғни 149 адамның 94-і 65 жаста және одан жоғары болса, ал төртеуі 30-40 жас аралығында екен. Олардың ең жасы, министрлік ақпаратынша, 34 жаста болса, ең егдесінің жасы – 101-де.
Ведомство өкілдері соңғы бес жылда ер адамдар арасында сүт безі обырымен сырқаттанушылық көрсеткіші төмен деңгейде сақталғанын атап өтеді. 2021 жылы 100 мың ер адамға шаққанда 0,20 жағдай тіркелсе, 2022 жылы – 0,15, 2023 жылы – 0,16, 2024 жылы – 0,19, ал 2025 жылы 0,24 жағдай тіркелген.
Айта кетерлігі, осы бес жыл ішінде ер адамдар арасында сүт безі обырынан қайтыс болу жағдайы тіркелмеген.
«Қазақстанда әйелдер арасында сүт безі обырын ерте анықтауға бағытталған мемлекеттік скринингтік бағдарлама болғанымен, ер адамдар үшін сүт безі обырына арналған жеке жаппай скрининг қарастырылмаған. Дегенмен ауруды ерте анықтау алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде профилактикалық тексерулер арқылы жүргізіледі. Тексеру барысында медицина қызметкерлері сүт бездерін және шеткі лимфа түйіндерін қарап, пальпация жасайды», – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің редакция жолдаған ресми сауалына берген жауабында.
Түйіндер, терідегі өзгерістер немесе басқа да күмәнді белгілер анықталған жағдайда ер адамдар қосымша диагностикалық тексеруге жіберіледі. Бұл ретте дәрігерлер қатерлі ісікке күдік туындаған кезде қажетті зерттеулер «жасыл дәліз» қағидаты бойынша, яғни жеделдетілген тәртіппен жүргізілетінін айтады.
Әйелдер арасындағы көрсеткіш соңғы жылдары 5,4%-ға өскен
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта сүт безінің қатерлі ісігі диагнозымен 55 944 әйел диспансерлік есепте тұр. Олардың ішіндегі ең жасы 20-24 жас аралығында болса, егде жастағы 32 пациенттің жасы 85-тен асқан.
Соңғы бес жылда әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігімен сырқаттанушылық көрсеткіші өскен. 2021 жылы әр 100 мың әйелге шаққанда 52,3 жағдай тіркелген. Содан кейінгі жылдардағы көрсеткіштер мынадай болды:
- 2022 жылы – 51,8;
- 2023 жылы – 54,1;
- 2024 жылы – 54,8;
- 2025 жылы – 55,1 жағдай.
«Күмәнді белгілер пайда болған жағдайда дәрігерге уақытылы қаралу және ұсынылған профилактикалық тексерулерден өту ауруды ерте анықтауға әрі емнің нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп ескертеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Еске салсақ, Алматы онкологиялық орталығында сүт безі обыры диагнозымен жиырмаға жуық ер адам есепте тұр. Бұл жөнінде алматылық онкологтар мәлімдеді. Дәрігерлер ер адамдар арасында бұл ауру сирек кездескенімен, олар да қауіп тобына кіретінін атап өтті.