USD
USD
USD

Қазақстанда стейблкоиндерді халықаралық саудада пайдалану мүмкіндігі қарастырылмақ

Қазақстанда стейблкоиндерді халықаралық сауда мен трансшекаралық төлемдерде пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында және одан кейінгі брифингте қаржы саласының реттеушілері мәлімдеді.

Стейблкоин
Фото: NEGE/akchabar.kg

Астана, NEGE. Ұлттық банк төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтің айтуынша, стейблкоин – құны белгілі бір ақша бірлігіне немесе активке байланған цифрлық актив. Қазақстанда цифрлық қаржы активтерін реттеудің толыққанды ортасы 1 мамырдан бастап қалыптасқан.

Қазір осы бағытта Ұлттық банктің лицензиясы негізінде бірнеше оператор жұмыс істеп жатыр.

«Стейблкоиннің негізі – теңге. Яғни қолданушы теңгені айналымға енгізе отырып, стейблкоин арқылы цифрлық ортада төлем жасай алады. Сонымен қатар трансшекаралық және валюталық төлемдер үшін құқықтық негіздер әзірленетін болады», – деді Ерлан Ашықбеков.

Қазақстанда теңгеге байланған стейблкоиндер бойынша бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек, шетел валюталарына байланған цифрлық активтерді пайдалану бағытында да пилоттық жобалар қарастырылуда.

«Негізгі мақсат – ішкі нарықтағы және трансшекаралық операцияларды жүргізу жылдамдығын арттыру және тұтынушылардың қаржылық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін инфрақұрылым қалыптастыру. Бұл ретте ұлттық валютаға ешқандай қауіп жоқ», – деп атап өтті Ұлттық банк өкілі.

Стейблкоиндерді халықаралық саудада пайдалану мәселесін «Астана» халықаралық қаржы орталығы да зерттеліп жатыр. AFSA басқарушы директоры Еркеғали Еденбаевтың Үкімет отырысында цифрлық активтерді халықаралық сауда операцияларына енгізу төлемдерді жылдамдатып, бизнестің шығындарын азайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Бұл шараларды іске асыру Қазақстанның цифрлық активтер экожүйесін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Қазір халықаралық саудада стейблкоиндерді пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл төлемдерді өткізу мерзімін қысқартып, бизнестің шығындарын төмендетуге ықпал етуі мүмкін», – деді Еркегали Еденбаев.

Еденбаевтың айтуынша, қазір Қазақстан азаматтарына тиесілі шамамен 1 млн криптовалюталық әмиян бар. Бұл криптоактивтерге қатысты операциялардың едәуір бөлігі әлі де шетелдік платформаларда жүргізілетінін көрсетеді.

Қазіргі уақытта АХҚО-да бес халықаралық криптоплатформа лицензия алу рәсімінен өтіп жатыр. Олардың екеуі әлемдегі ең ірі он криптобиржаның қатарына кіреді.

Реттелетін ортадағы цифрлық активтер операцияларының көлемі де өсіп келеді. 2025 жылы олардың көлемі 10,5 млрд долларды құраса, 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 5,5 млрд долларға жеткен.

Қазір оқып жатыр

Қазақстан мен Корея: саяси диалогтан технологиялық әріптестікке

Жансая Нұралиева

СІМ АҚШ-та қазақстандық әйел ұсталғаны жөніндегі ақпаратты растады

СІМ

QR төлемдерін ҚҚС-дан босату кәсіпкерлер комиссиясына бірден әсер етпеуі мүмкін

Kaspi

«Тобыл» футбол клубының жаңа иесі анықталды

«Тобыл» ойыншылары