Қазақстанда Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Үкіметтің тиісті қаулысына ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды.
Алматы, NEGE. Құжат еліміздің сейсмологиялық қауіпсіздігін нығайту бойынша ауқымды шараларды іске асыруды көздейді. Олардың ішінде мониторингті айтарлықтай күшейту, ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін қамтамасыз ету, жаңа цифрлық технологияларды енгізу, кадрларды даярлау деңгейін арттыру және т. б. бар.
Осылайша, 15 сейсмикалық аудандастыру картасы әзірленетін болады, бұл еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлеріндегі жер сілкінісі ошақтарының 70%-ын болжауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ олар аталған аумақтардағы ғимараттар мен құрылыстарды паспорттауға және жаңа құрылыс нормаларын әзірлеуге негіз болады.
Паспорттау ең осал құрылыс объектілерін анықтауға мүмкіндік береді, оларға қатысты бірінші кезекте сейсмикалық қауіптілігін төмендету шаралары қолданылады. Оның ішінде: сейсмикалық күшейту, құнды жабдықтарды қорғау немесе шығару, мақсатын өзгерту және басқалары бар.
Сонымен қатар 285 сейсмикалық стансаны орнату, сондай-ақ қолда бар 70 стансаны жөндеу және жарақтандыру көзделген. Бұл Алматы облысында және еліміздің басқа да сейсмоқауіпті өңірлерінде сейсмикалық қауіпті сапалы болжауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде қажетті әрекет ету шаралары жедел қабылданатын болады.
Бұдан басқа, ғимараттардың құрылысы мен жұмыс істеуіне бақылауды күшейту, мониторинг әдістерін жақсарту, сейсмология саласындағы мамандарды заманауи жабдықтармен және техникалық құралдармен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Жалпы алғанда, Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде сейсмикалық қауіпті аумақтардағы азаматтардың, құрылыстар мен инфрақұрылымның қорғалу деңгейі айтарлықтай күшеюі тиіс. Сондай-ақ жер сілкінісі болған кезде мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдар тарапынан ден қою жүйесі жетілдірілетін болады.