«Қазақстанда революция ұйымдастырамын»: Жапаров Әбіләзовпен сөйлескенін айтты
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қазақстандық оппозиционер Мұхтар Әбіләзовпен 2020 жылы телефон арқылы сөйлескенін айтты. Оның сөзінше, Әбіләзов Бішкекке барып, сол жақта отырып Қазақстанда революция ұйымдастыру тілегін жеткізген.
Астана, NEGE. Жапаров Super.kg порталына берген сұхбатында Әбіләзовпен бұрынғы жақтаушысы Меліс Әспеков сөйлестіргенін айтады. Әспеков тұтқаны ұсынған соң сөйлесуге тура келген.
Әбіләзов Алмазбек Атамбаевтың тұсында Қырғызстан паспортын алғанын айтып, революция ұйымдастыруға көмек сұраған.
«Біріншіден, көрші елдердің саясатына араласпаймын. Екіншіден, сіз үшін Қазақстанмен қарым-қатынасымды бұзбаймын. Одан да келмей-ақ қойыңыз, өз шаруаңызбен айналысыңыз», – деп жауап бергенін айтты Қырғызстан президенті.
Сондай-ақ Жапаров Әбіләзовтен ақша сұрағаны туралы сыбысты да теріске шығарды. Бұған қоса ол Әбіләзов айтқандай 40 минут емес, бар болғаны екі минут сөйлескенін атап өтті.
«Ақша сұрады дегені – нағыз өтірік. Өзі қайыршылық күй кешіп, Франциядағы жеке өміріне қаражат сұрап жүрген адамнан менің ақша сұрағаныма кім сенеді? Қайыршыдан ақша сұрады деген сөздің өзі қисынға келмейді ғой. Революция болып қойған. Мен билікке әлдеқашан келіп, орнығып алғанмын. Ол күндері ақшаға да мұқтаж емес едім», – дейді Жапаров.
Сөз соңында қырғыз басшысы Садыр Жапаров қазақстандық оппозиционер Мұхтар Әбіләзовтің тағы да қисынға келмейтін әңгіме таратуы мүмкін екенін айтып, оның сөзіне сенбеуге шақырады.