USD
USD
USD

Қазақстанда пластикалық ота жасайтын клиникалар жаппай тексерілмек

Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен келісіп, пластикалық хирургия қызметін көрсететін емханаларға жоспардан тыс тексеру жүргізеді.

тексеру
Фото: pixabay.com

Астана, NEGE. Бұдан бөлек, министрлік өкілдері пластикалық операциялардың соңы адам өліміне әкелген кейбір жағдайлар бойынша да жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін және оның қорытындысы бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданғанын хабарлады.

Мұндай оқиғалардың көбі Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында тіркелген.

«Кешенді тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады», –делінген хабарламада.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, әсіресе, 2024 жылы пластикалық хирургия саласында көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдар көбейген. Сол жылғы тексеру нәтижесінде кейбір медициналық ұйымдардың тиісті рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсеткені анықталды. Бұдан бөлек мүндай емханаларда лицензиялық талаптар, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттары және медициналық құжаттаманы жүргізу қағидалары бұзылғаны тіркелген.

Анықталған заң бұзушылықтар негізінде әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы 24 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 млн теңге болатын әкімшілік айыппұлдар салынған.

Еске салсақ, Қазақстанда биыл пластикалық отадан кейін алматылық блогер мен маңғыстаулық депуаттың қаза болуы ел арасында қызу талқыланды. 15 мамыр күні Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде жоспарлы липосакция жасатуға барған блогер Сәуле Ермаханова көз жұмды. Қалалық полиция бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғады.

Көп ұзамай желіде Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов жеке клиникада ота жасатуға барып, қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Ол медициналық орталыққа алқымындағы артық майды алдыру үшін жүгінген. Осы жағдайдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті депутат ота жасатқан емханаға жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру кезінде клиникадан бірқатар заңбұзушылық анықталған. 

Қазір оқып жатыр

Ресейдегі жанармай дағдарысы Қазақстанға әсер ете ме?

Тимур Сүлейменов

Құрманғазы мен Исатай ауданында теміржол вокзалының жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Вокзал

Тоқаев 1 шілдеде өкілеттігін тоқтататын Парламентті «ең мықты құрамның бірі» деп атады

Президент

ШҚО-да алтынды заңсыз өндірді деген күдікпен 63 адам ұсталды

заңсыз алтын өндірісі