Қазақстанда педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Мәжілістің жалпы отырысында жаңа заң жобасы таныстырылды. Құжат депутаттардың бастамасымен әзірленген.
Алматы, NEGE. Нақтырақ айтсақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» негізгі заң жобасы және «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерестер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы жұмысқа алынды.
Бұл заң жобалары Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген.
Заң жобасына қандай нормалар енгізу көзделіп отырғанын Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов айтып берді.
«Бұл заң жобалары Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленді. Жоба Мемлекет басшысының отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату тапсырмасына толығымен сәйкес келеді. Заң жобасында тиісті негізгі нормаларды ұсынып отырмыз. Біріншіден, ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді қазіргі әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке жатқызу және де жазасын әлдеқайда қатаңдату ескерілген. Екіншіден, жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ зорлық-зомбылық туралы БАҚ немесе онлайн платформалардағы ақпарат негізінде тиісті шараларды қабылдау құқығын беру қарастырылған», - деді депутат Асхат Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлықын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беру ұсынылды.
«Сонымен қатар, педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы арнайы норма бар. Суицидты насихаттау немесе суицидке итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ескерілген. Бұған қоса, балаларға арналған интернаттық ұйымдарды алдын-ала ескертпей-ақ, кезкелген уақытта оларды тексеру және тағы басқа маңызды нормалар ұсынылды. Аталған заң жобасы бойынша Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжіліс депутат.