Қазақстанда пайдаланушыларды қорғау шараларын күшейту және онлайн-платформалардың жауапкершілігін арттыру ұсынылды
Қазақстан Республикасының Құрылтайында онлайн-платформалар мен масс-медиа саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейтін заң жобалары бірінші оқылымда қаралды.
Астана, NEGE. Түзетулер азаматтардың құқықтарын қорғауға, кәмелетке толмағандардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейтуге және ақпараттық ортаның ашықтығын арттыруға бағытталған.
Онлайн-платформалардың жауапкершілігі
Онлайн-платформаларды Қазақстанда өкілдік ашуға міндеттеу және құқыққа қайшы контентті жою туралы нұсқамаларды орындамағаны үшін жауапкершілік белгілеу ұсынылады.
2026 жылдың 10 айында құқыққа қайшы 128,5 мың материал анықталып, олардың 70 пайызға жуығы жойылды. Сондай-ақ бес мыңнан астам жазылушысы бар пайдаланушылар мен жария қоғамдастықтарды сәйкестендіру тетіктері көзделген.
Балаларды интернетте қорғау
Заң жобаларында 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуін шектеу және пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін енгізу көзделген. Бұл шектеулер ата-анамен, жақындармен және мұғалімдермен байланысуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Онлайн-кинотеатрлардың қызметін реттеу
Теле- және радиоарналарды аудиовизуалды платформалар арқылы таратуды лицензиялау және онлайн-кинотеатрлардың Қазақстандағы заңды өкілдерін айқындау ұсынылады. Бұл медианарық қатысушыларының бәріне ортақ талаптар белгілеуге мүмкіндік береді.
Азаматтардың құқықтарын қорғау
Түзетулерде азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ өз бейнесіне деген құқығын қорғауды күшейту көзделген. Онлайн-платформаларда жала жапқаны үшін, сондай-ақ масс-медиада және интернетте былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу де қарастырылған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын ресми жауаптарына арнайы белгі қою және оқыту курстары мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыру ұсынылады.
Заңнамалық бастамалар цифрлық ортаның қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың мүдделерін қорғауға және медианарықты реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.