USD
USD
USD

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді алу уақыты екі есеге қысқарады

Үкімет 2029 жылға дейін мемлекеттік қызмет көрсетуге және әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға кететін орташа уақытты кемінде 50 пайызға қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын таныстыру кезінде айтылды.

ЖИ
Фото: NEGE/ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. Жаңа тәсіл бойынша мемлекеттік қызметтер әр ведомствоның жеке-жеке рәсімі арқылы емес, азаматтың өміріндегі нақты жағдайларға бейімделген бірыңғай цифрлық сценарийлер арқылы көрсетіледі. Соның арқасында азаматқа анықтама жинап, бір қызметті алу үшін бірнеше кезеңнен өтудің қажеті болмайды.

Жасанды интеллектіні енгізу, қызметтерді азаматтың өтінішін күтпей ұсыну және құжаттарға автоматты түрде қол қою тетіктері арқылы мемлекеттік қызметтердің кемінде 40 пайызын жаңарту көзделген. Әлеуметтік қолдау шаралары да «ақылды таргеттеу» үлгісіне көшеді. Яғни тиісті жағдай туындаса, төлемдер мен жеңілдіктер азаматтың өтінішінсіз автоматты түрде тағайындалады.

Стратегияда шешім қабылдау кезінде қағаз анықтамалар мен құжаттардың сканерленген көшірмелерін пайдаланудан толық бас тарту жоспарланған.

Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мемлекеттік қызмет көрсету саласында жасанды интеллект қолданыла бастағанын айтты.

«Цифрландыру жылы туралы айтқанда, жасанды интеллектіні қазірдің өзінде белсенді қолданып жатқанымызды ескеру керек. Біріншіден, азаматтар оны күнделікті өмірінде түрлі құрал арқылы пайдаланып жүр. Біз де жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару мен қызмет көрсету саласына белсенді енгізіп жатырмыз», – деді Ростислав Коняшкин.

Жақында азаматтарға eGov GPT арқылы 50 мемлекеттік қызметті чатта жазысу арқылы алуға мүмкіндік берілді. Ол үшін қызметтің ресми атауын білу міндетті емес. Мәселен, чатқа «Баламды басқа мектепке ауыстыруым керек» деп жазсаңыз, жүйе қажетті қызметті өзі тауып береді.

«Егер GPT немесе басқа да ЖИ-агенттерін қолдансаңыз, мемлекеттік қызметтерді чатта жазысу арқылы ала аласыз. Оларды байланыс орталықтарында да пайдаланып жатырмыз. Бұл өтініштерді өңдеуге және байланыс орталықтарын ұстауға жұмсалатын шығынды азайтады», – деді бірінші вице-министр.

Коняшкин цифрландыру нәтижесінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО)  жүгінетіндер саны да азайғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2026 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш бұған дейінгі жылдардың сәйкес кезеңдерімен салыстырғанда 30 пайызға төмендеген. Бұған ең көп сұралатын мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшірілуі әсер еткен. ХҚКО-ларға жүгінудің 79–80 пайызы ең көп сұралатын он қызметке тиесілі.

Алдағы уақытта мемлекет цифрлық шешімдерді түгел өзі әзірлеуден біртіндеп бас тартып, цифрлық стандарттар белгілеуге және нарықта тұрақты сұраныс қалыптастыруға басымдық бермек. Қажетті өнімдер мен қызметтерді жеке IT-компаниялар әзірлейді. Сарапшылар отандық әзірлеушілер мен стартаптарға басымдық берілетінін айтты.

Бұл бағыттағы негізгі тетіктің бірі – кепілді сұраныс пен оффтейк келісімшарттары. Осы тетік бойынша мемлекет алдын ала белгіленген талаптарға сай цифрлық шешімдерді енгізуге кепілдік береді. Бұл IT-компанияларға өнімге деген сұранысты алдын ала бағалауға, жобаларды қаржыландыруды және инвестиция тартуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Стратегияға сәйкес, 2029 жылға қарай IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспорты 2024 жылмен салыстырғанда кемінде екі есе өсуі керек. Сондай-ақ халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті кемінде үш отандық «бірегей компания» құру жоспарланған.

Қазір оқып жатыр

Қазақстан медицинасы бірыңғай цифрлық жүйеге көшеді

Сот-медициналық сарапшы

Павлодар мұнай-химия зауытындағы бензин сапасы тексерілді: не анықталды?

бензин сапасы

Пәкістанда перзентханада өрт шығып, 15 сәби көз жұмды

Пәкістандағы өрт

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек»

статистика