20 Мамыр 09:58
...

Қазақстанда мектеп күзетшілеріне қару ұстап жүруге рұқсат етіледі

Күзет
Фото: ғаламтордан

Қазақстан Үкіметі мектептердегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында білім беру мекемелерінің күзетшілеріне қатысты жаңа талаптар бекітті.

Алматы, NEGE. Енді мектеп күзетінде жұмыс істеу үшін арнайы дайындықтан өткен, жасы 25 пен 50 аралығындағы ер адамдар ғана қабылданады.

Күзетшіде міндетті түрде арнайы лицензиясы, қару ұстауға және пайдалануға рұқсат қағазы болуы керек. Сонымен қатар үміткердің соттылығы болмауы шарт.

Жаңа ереже бойынша, мектепке күзет қызметін ұсынатын ұйым:

– Өз кеңсесі мен материалдық-техникалық базасы болуы керек;

– Қызметкерлердің арнайы оқу курсынан өткендігін растайтын құжаттары болуы тиіс;

– Ең бастысы — кемінде екі жедел әрекет ету тобы (ЖӘТ) құрылуы қажет. Бұл топтар қауіп төнген жағдайда шұғыл әрекет етіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті.

Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар соңғы жылдары мектептерде жиілеп кеткен қауіпсіздік оқиғаларына байланысты қабылданып отыр. Енді күзетшілердің даярлығы мен жауапкершілігі жоғары деңгейде болуға тиіс.

Қазір 6,6 мың балабақша, 6,6 мың мектеп пен 700 колледж қауіпсіздік жабдығымен жабдықталған. Сонымен қатар балабақша мен мектептерге лицензияланған күзет ұйымдары тартылған. Бүгінде 6,9 мыңнан астам нысанда лицензияланған күзет жұмыс істейді.

Бұған қоса білім беру мекемелерінде полицияның Жедел басқару орталығына қосылған цифрлық бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл камераларда жазылып қалған ақпарат отыз тәулікке дейін сақталады. 2022 жылдан бері 20 мың білім беру ұйымында дәл осындай 220 мыңнан астам камера орнатылған.