30 Сәуір 11:56
...

Қазақстанда медициналық көмектің бірыңғай пакеті құрылады

Дәрігер
Фото: pixabay.com

Мәжіліс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жобаны Үкімет Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауын іске асыру үшін әзірлеген.

Алматы, NEGE. Ол міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Заң жобасында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін ажырата отырып, медициналық көмектің бірыңғай пакетін құру ұсынылады.

Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігіне Денсаулықты қорғау мемлекеттік қоры (жедел, шұғыл, паллиативтік көмек, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу) аясында медициналық көмек көрсетілетін аурулардың тізбесін анықтау өкілеттігі беріледі.

Сондай-ақ Үкімет алғашқы медициналық-санитарлық көмек аясындағы қызметтерді медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінен міндетті медициналық сақтандыру пакетіне ауыстыруды ұсынып отыр. Мысалы, мамандарды қабылдау, медициналық оңалту, профилактикалық тексерулер, иммундау, репродуктивті денсаулықты қорғау шаралары міндетті медициналық сақтандыру аясында қамтамасыз етіледі.

Бұл тәсілді депутаттық корпус қолдамады. Осыған орай депутаттар медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің негізгі тізбесін: әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу қызметтерін сақтауды ұсынды. Яғни, туберкулез, АИТВ, қатерлі ісік, созылмалы вирусты гепатит, бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, жедел миокард инфарктісі (алғашқы алты ай ішінде), инсульт (бір жыл ішінде), аутоиммундық аурулар, эпилепсия және басқа да аурулармен ауыратын адамдарға тегін медициналық көмектің толық спектрін алуға кепілдік беріледі.

Сонымен қатар депутаттардың бастамасымен азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакеті аясында бастапқы емдеу кезіндегі негізгі медициналық көмек те сақталады. Яғни, емханаға келген әрбір азаматқа дәрігердің алғашқы кеңесі беріледі деген сөз.