USD
USD
USD

Қазақстанда МӘМС жарнасын төлеу қағидасы жаңартылды: не өзгерді?

Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) жарналар мен аударымдарды есептеу және аудару қағидаларына өзгерістер енгізілді.

МӘМС
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Негізгі өзгерістердің бірі шетел азаматтарына қатысты енгізілген. Енді Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ елімізде уақытша жүрген шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек ала алады.

Сондай-ақ, егер адам МӘМС жарнасын төлеуді тоқтатса, бұрынғыдай медициналық көмек алу құқығы тағы үш ай бойы сақталады. Ал бес жыл бойы үздіксіз жарна төлеген азаматтар төлемдерін тоқтатқаннан кейін де алты айға дейін МӘМС аясында медициналық көмекті тегін пайдалана алады.

Бұдан бөлек, бұйрық бірқатар рәсімді цифрлық форматқа көшіреді, мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арасындағы деректер алмасу тәртібін нақтылайды. Сондай-ақ электрондық үкімет порталы арқылы қате аударылған жарнаны қайтару қағидасы жаңартылды.

Егер адам бір мезгілде бірнеше жеңілдік санатына жатса (мысалы, зейнеткер әрі мүгедектігі бар адам болса), онда Қор оны белгіленген басымдыққа сәйкес есепке алады. Бір санаттан шығарар алдында жүйе оның басқа жеңілдік санатына жататын-жатпайтынын автоматты түрде тексереді. Егер басқа санатқа жататын болса, оның МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесі сақталады. Бұл – маңызды өзгерістердің бірі.

Егер адамның жеңілдікке құқығы бола тұра (мысалы, жүкті әйел, студент, үш жасқа дейінгі баланың ата-анасы және т.б.) оның деректері цифрлық жүйеде болмаса, онда Қор растайтын құжаттар ұсынылған соң оған бір ай мерзімге сақтандырылған мәртебесін уақытша бере алады.

Бұл бұйрық 2026 жылғы 8 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазір оқып жатыр

Азия ойындары: Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті

.

Екі алтын, екі қола: Қазақстан Азия ойындарын сәтті бастады

.

Алматы тау кластері: Қазақстан туризмінің болашағы қандай?

 Kazakh Tourism Development

Тоқаев Жеңіс Қасымбекті тағы да мақтады

.