Қазақстанда құрылыс талаптарын бұзғандарды лицензиясынан айыруы мүмкін
Қазақстанда құрылыс сапасына мемлекеттік бақылау күшейтілді. Енді мемлекеттік органдар құрылыс талаптарын бұзған мердігердің лицензиясын қайтарып алуға құқылы.
Астана, NEGE. Үкіметтің баспасөз конференциясында журналистер министрден фельдшер Ұлдана Мырзуанмен болған қайғылы оқиғаның биыл қыста қайталану қаупі бар-жоғын және министрлік тұрғын үйлердің құрылыс сапасын қалай бақылап отырғанын сұрады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің айтуынша, биыл мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының талаптары күшейтілді. Бұған дейін құрылыс компаниялары бақылау шараларын қатаңдатуға қарсы болған.
«Енді мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының жедел әрекет ету тетіктері бар. Олар құрылыс жүріп жатқан кезде нысанға барып, жұмысты тексере алады, құрылысты тоқтатып, тіпті мердігердің лицензиясын қайтарып алуға дейін шара қолдана алады», – деді министр.
Оның сөзінше, бұрын бақылау органы құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы нұсқама бергенімен, мердігер оны сотқа шағымданып, құрылыс жұмыстарын жалғастыра беретін. Жаңа тәртіп бойынша, нұсқама берілген сәттен бастап сот шешімі шыққанға дейін мердігер құрылыс жүргізе алмайды.
Сонымен қатар, министр құрылыс нысандарына берілетін кепілдік мерзімі де ұзартылғанын айтты. Бұдан былай құрылыс компаниялары нысанға бес жыл, ал көтергіш конструкцияларына, қасбетіне және шатырына 10 жыл кепілдік береді. Бұрын компаниялар ғимарат сапасы үшін 2 жыл жауапты еді.
Бұдан бөлек, ғимаратты пайдалануға қабылдау тәртібі өзгерді. Бұған дейін қабылдау актісіне техникалық және авторлық қадағалау өкілдері, мердігер мен тапсырыс беруші қол қоятын. Енді құжатқа мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және төтенше жағдайлар органдарының да қорытындысы енгізілуі керек.
«Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін біз қатаң шаралар қабылдаймыз. Үкіметтің міндеті – осы талаптардың барлығының қатаң бақылауда болуын қамтамасыз ету. Біз мұны жүзеге асырамыз», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр құрылыс саласын цифрландыру жұмыстары да жүргізіліп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, құрылыс алаңдарына бейнекамера орнатып, жұмыстың орындалу барысын бақылау тетігі қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ Қаржы министрлігімен бірге құрылыс құжаттары цифрлық форматта болмаса, мердігерлерге төлем жасамау мәселесі пысықталуда. Жаңа тәртіп бойынша құрылыс құжаттары нысан пайдалануға берілгеннен кейін де цифрлық форматта сақталуы тиіс.