USD
USD
USD

Қазақстанда қысқа дайындық: жылу желілерінің 65%-ы жөнделді

Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындық аясында электр станцияларындағы 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бұл туралы энергетика министрінің Үкімет отырысындағы баяндамасында айтылды.

Жылу
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 33 қазандықта және 24 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жөндеу жұмыстарына 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.

«Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес биыл электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 33 қазандықта және 24 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізілуде», – деді министр.

Сонымен қатар, министр Ақкенженов электр желілерінде 17,1 мың шақырым электр беру желісі мен 444 қосалқы станцияны жөндеу жоспарланғанын айтты. Бүгінде электр беру желілерінің 91%-ы және қосалқы станциялардың 84%-ы жөнделген. Ал жылумен жабдықтау желілерінде жоспарланған 377 шақырым жылу желісін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарының 246 шақырымы немесе 65%-ы аяқталды.

Энергия өндіруші нысандардың қоймаларында 4,2 млн тонна көмір мен 137 мың тонна мазут қоры жинақталған. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары.

Сонымен қатар, премьер-министр 14 тамызда Алматы мен Алматы облысында болған электр энергиясының өшуіне қатысты сала министрінен оқиғаның себептері мен алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

Энергетика министрінің айтуынша, оңтүстік өңірлерде электр энергиясына тапшылық бар. Сол себепті жаңа генерация нысандарын кезең-кезеңімен іске қосу жалғасып жатыр.

«Алматы қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3, сондай-ақ Түркістан облысында қуаттылығы 1000 МВт болатын жаңа бу-газ қондырғысы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар оңтүстік өңірдегі электр желілерінің сенімділігін арттыру үшін 500 кВ «Шу–Жамбыл–Шымкент» электр желісінің құрылысы жалғасуда. Жобаны 2027 жылдың II тоқсанында аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта оның орындалу деңгейі 50%-ға жуық», – деді Ерлан Ақкенженов.

Олжас Бектенов министрлікке аталған жобаларды іске асыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Қазір оқып жатыр

Бірқатар өңір жылыту маусымына әлі толық дайын емес

ауа

ШҚО-да темір кенін заңсыз өндіріп, 1 млрд теңге табыс тапқан кәсіпкер сотталды

заңсыз кен өндіру

Kaspi.kz арқылы енді жүктілікке және босануға байланысты төлемдерді рәсімдеуге болады

Kaspi.kz

Үкімет Қазақстан экономикасының 2027–2029 жылдарға арналған болжамын таныстырды

Үкімет