Қазақстанда кейбір психологтар еңбек өтілінсіз жұмыс істей алады: жаңа стандарт бекітілді
Қазақстанда 13 қазаннан бастап психологтардың біліктілігіне қойылатын бірыңғай талаптар күшіне енеді. Құжатта балалар, жеке және спорт психологтарына, сондай-ақ арнайы психопедагогика саласындағы мамандарға қойылатын талаптар айқындалған. Алдыңғы үшеуінен енді еңбек өтілі талап етілмейді.
Астана, NEGE. Тиісті бұйрыққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 28 қыркүйекте қол қойған.
Жаңа талапқа сәйкес, балалар психологы психология немесе психиатрия саласында жоғары не жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болса, еңбек өтілінсіз жұмыс істей алады. Оның міндетіне ата-аналарға кеңес беру, баланың даму деңгейін диагностикалау, нәтижелерді талдау және тиісті ұсынымдар әзірлеу кіреді.
Ал арнайы психопедагогика саласындағы психологқа психология немесе психиатрия бойынша кемінде үш жыл еңбек өтілі қажет. Ол даму бұзылыстарын диагностикалау және түзету, психопрофилактика, оңалту және абилитация жұмыстарын жүргізеді.
Жеке психологтарға қандай талап қойылады?
Жеке психологқа да еңбек өтілі міндетті емес, тиісті білімі болса, жеткілікті.
Маман клиенттің құпиялылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жеке деректерді қорғауға, ақпараттандырылған келісім алуға және сенімді диагностикалық әдістерді қолдануға тиіс. Сонымен қатар психолог өз құзыретінен тыс жағдайларды ажыратып, қажет болған жағдайда клиентті бейінді маманға жіберуі керек.
Сондай-ақ психологтар біліктілігін тұрақты түрде арттырып тұруы қажет.
Спорт психологынан еңбек өтілі талап етіле ме?
Спорт психологы да еңбек өтілінсіз жұмыс істей алады. Қосымша даярлық бағыттарына спорт психологиясы, дағдарыс жағдайларына ден қою, спортшылардың психикалық денсаулығы, кәсіби этика және допингке қарсы орта мәселелері енгізілген.
Маман спортшының психологиялық жағдайын бағалап, жарысқа дайындалуына, өзін-өзі реттеу дағдыларын дамытуына көмектеседі. Сондай-ақ спортшылармен, жаттықтырушылармен және ата-аналармен жұмыс істейді. Спорт психологы психологиялық шамадан тыс жүктеме мен тамақтану және тәуелділік мінез-құлқының бұзылыстарын, зорлық-зомбылықты, дағдарыстық жағдайлар мен суицидтік тәуекелді анықтауы керек.
Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде жұмыс істейтін мамандар шамадан тыс қысым, эмоционалдық күйзеліс, бейімделу қиындығы және зорлық-зомбылық белгілерін де анықтайды. Қажет болған жағдайда кәмелетке толмаған баланы дәрігерге, психиатрға, психотерапевтке немесе басқа бейінді маманға жолдайды.
Жаңа кәсіби стандарт денсаулық сақтау саласының заңнамасымен реттелетін мамандандырылған медициналық көмекке, сондай-ақ «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң аясындағы психологиялық көмекке қолданылмайды.