USD
USD
USD

Қазақстанда қаржы өнімдерінің жарнамасына қойылатын талап күшейеді

27 шілдеде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа ережелерді мақұлдады.

банк
Фото: polisia.kz

Астана, NEGE. Енді реттеуші банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының заң талаптарын сақтауын ғана емес, олардың өнімдерінің клиентке зиян келтіретінін не келтірмейтінін де бағалайды. Қаржы өнімінің бағасы, шарттары, жарнамасы және оны сату тәсілі тұтынушының мүддесіне сай болуы керек.

Жаңа талаптар банктерге, микроқаржы және сақтандыру ұйымдарына, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының кейбір қатысушыларына қолданылады.

Қаржы ұйымдары өнімді нарыққа шығармас бұрын оның кімге арналғанын анықтап, алдын ала тексеруге міндетті болады. Сондай-ақ өнімнің құны мен пайдасының арақатынасы және клиент үшін қандай тәуекелдер бар екені бағаланады.

Жарнамада өнімнің артықшылықтарымен қатар оның құны, шарттары мен тәуекелдері де анық көрсетілуге тиіс. Клиентпен шарт жасаспас бұрын ұйым өнімнің оның мақсатына, қаржылық жағдайына және төлем қабілетіне сәйкес келетінін тексереді.

Егер өнімнің тұтынушыларға зиян келтіруі мүмкін екені анықталса, қаржы ұйымы оның шарттарын өзгертуге немесе сатуды тоқтатуға міндетті болады.

Сонымен қатар қаржы омбудсманы қызметінің бірыңғай ережелері бекітілді. Омбудсман банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және басқа да қаржы ұйымдарымен арадағы дауларды соттан тыс шешуге көмектеседі. Өтініштерді қабылдау, қарау және шешімдердің орындалуын бақылау тәртібі біріздендіріледі.

«Жолданымдарды қарау кезінде алынған ақпарат жүйелі бұзушылықтарды, жосықсыз практикаларды және қаржы өнімдерінің кемшіліктерін анықтау үшін, сондай-ақ уәкілетті органның қадағалау және реттеуші шешімдер қабылдауы үшін пайдаланылатын болады. Бұл тәсіл жекелеген шағымдарға ден қоюдан жаппай бұзушылықтардың алдын алуға және бүкіл қаржы нарығында тұтынушылардың құқықтарын қорғау сапасын арттыруға көшуге мүмкіндік береді», – деп түсіндіреді агенттік.

Жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Бұдан бөлек, қарыздарды ұжымдық реттеу тетігі кеңейтіледі. Қарыз алушылар банк, микроқаржы ұйымы және коллектор алдындағы берешегін бір платформа арқылы реттей алады. Ол үшін адамның кемінде екі кредитор алдында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болуы керек.

Агенттіктің мәліметінше, соңғы жылдары тұтынушылық кредиттердің өсу қарқыны баяулаған. 2021–2024 жылдары кепілсіз тұтынушылық қарыздар жылына орта есеппен 32%-ға өскен. 2025 жылы бұл көрсеткіш 14,6%-ға, ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 3,1%-ға дейін төмендеген. Бұл – соңғы алты жыл ішіндегі ең төмен көрсеткіш. 

Реттеуші реформалардың мақсаты кредит беруді толық шектеу емес, азаматтардың шамадан тыс қарыз алуына жол бермеу екенін атап өтті.

Қазір оқып жатыр

ERG Бразилиядағы темір кені активтерін сатуға жақын – БАҚ

ERG

«Ғажайып ғасырдағы» Сүлеймен сұлтан Алматыда жанкүйерлерімен кездеседі

.

Жарты жылға созылған жөндеу: қытайлық көліктер сервисі неге ақсап тұр?

авто

«Қаржыландыру қысқарса, әлемде ВИЧ індеті қайта өршуі мүмкін» – БҰҰ

ВИЧ