8 Ақпан 15:02
...

Қазақстанда ет бағасы әлі де өседі – Фермер

ет
Фото: NEGE

Қазақстанда сиыр еті бағасы өсе береді, дейді мың бастан астам ірі қара малы бар фермер Данияр Әбітаев.

Алматы, NEGE. Қымбаттауға жем-шөп бағасының өсуі себеп.

Фермердің айтуынша, бір бас малдың азығына тәулігіне шамамен 2000 теңге жұмсалады, ал ет өндірісіндегі барлық шығынның 70 пайызы осы жем-шөпке тиесілі. Мұндай жағдайда еттің арзандауы мүмкін емес дейді ол.

«Ет қымбаттады және әлі де қымбаттай береді. Қазір менің артымда тұрған бұқаларды бұрын сататын едік, ал енді баға өскендіктен оларды фермада қалдырып отырмыз», – деді ол әлеуметтік желіде жариялаған видеода.

Фермердің айтуынша, ет бағасының өсуін тежеудің жалғыз жолы – Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту. Бұл сала баяу дамып жатқандықтан сиыр еті бағасы алдағы уақытта да өсе береді.

«Көтерме баға шамамен 3,5 мың теңге, ал дүкендерде сауда нүктелеріне жеткізетіндердің үстемесі және сөре үстіндегі үстеме баға қосылады. Бағаны тежеудің жалғыз жолы – терең өңдеу, яғни тек ұшадан ғана емес, бұқаның барлық бөлігінен табыс табу. Қарыннан, аяқтан, бастан және басқа да бөліктерден табыс табуға болады», – деді ол.

Фермердің айтуынша, кейбір бөліктерді өте қымбатқа сатуға болады. Мысалы, құйрық деликатес саналатын елдер бар.