Қазақстанда екі мыңға жуық жүргізуші куәлігінің күші жойылды
Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеу бағытындағы жұмысты бастап кетті.
Астана, NEGE. Бұл шара жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған.
Қос ведомство бірлесіп диспансерлік есепте тұрған 369 888 адамға талдау жүргізген.
«2025 жылдың 10 желтоқсанындағы жағдай бойынша сот органдарына 4 540 талап-арыз жіберіліп, оларды қарау нәтижесінде 1 787 жүргізуші куәлігінің күші жойылды. Бұл азаматтардың медициналық қарсы көрсетілімдеріне байланысты көлік құралын басқаруға құқығы болмаған», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар екі ведомствоның ақпараттық жүйелерінің арасында психоневрологиялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтар туралы деректерді нақты уақыт режимінде беру және жаңарту қамтамасыз етілген.
«Мәлімет алмасу автоматтандырылған форматта іске асырылады және көлік құралын басқаруға рұқсат беру мәселелерін қарау кезінде қолданылады», – делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің жол қауіпсіздігін бақылау және жол-көлік оқиғаларының қауіптерін азайту жөніндегі бірлескен жұмысы деректердің цифрлық алмасуы арқылы жалғасатын болады.
Министрлік өкілдері бұл шара жол-көлік апаты салдарынан жарақаттану, мүгедек болып қалу және өлім саны төмендейді деп болжап отыр.