Қазақстанда дәрігерге жұмыс үстінде шабуыл жасалса, сақтандыру төлемі берілуі мүмкін
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби міндетін атқару кезіндегі өмірі мен денсаулығын сақтандыру жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр.
Астана, NEGE. Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжат 16 қыркүйекке дейін қоғам болып талқылауға шығарылған.
Жоба аясында медицина қызметкерлерінің кәсіби міндетін орындау кезінде өмірі мен денсаулығын бірлесіп сақтандырудың үлгілік шартын енгізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар кәсіби жауапкершілікті сақтандыру аясы кеңейтілмек. Атап айтқанда, оқу кезеңінде жүрген интерн-дәрігерлер мен резидент-дәрігерлерді де сақтандыру ұсынылған.
Құжатта медицина қызметкері кәсіби міндетін атқару кезінде үшінші тұлғалардың зорлық-зомбылығы салдарынан өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген жағдайда сақтандыру төлемін іске асыру тәртібін айқындау да қарастырылған.
Бұдан бөлек кәсіби жауапкершілікті бірлесіп сақтандыру шарттарын жасасу, өзгерту және орындау тәртібі жетілдіріледі. Сондай-ақ сақтандыру төлемдерін іске асыру және денсаулық сақтау ұйымдары, медицина қызметкерлері, пациенттер мен Бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының әкімшісі арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі нақтыланады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұйрық жобасын қабылдау медицина қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын күшейтуге, пациенттердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және денсаулық сақтау жүйесіндегі құқықтық әрі қаржылық қауіптерді төмендетуге мүмкіндік береді.