Қазақстанда бизнеске арналған тағы бір мемлекеттік қызмет банктерге беріледі
Әділет министрлігі Мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына өзгерту енгізді. Енді Қазақстанда заңды тұлғаларды тіркеу, қайта тіркеу және қызметін тоқтату туралы өтініштерді екінші деңгейлі банктердің цифрлық сервистері арқылы беруге болады.
Астана, NEGE. Құжатқа сәйкес, банк сервистері арқылы компанияны тіркеу және қайта тіркеу, қайта ұйымдастыру арқылы заңды тұлға құру, филиал немесе өкілдік тіркеу, құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу, сондай-ақ заңды тұлғаның қызметін тоқтату үшін құжаттар тапсыруға болады.
Бұл ретте өтініш бойынша түпкілікті шешімді бұрынғыдай мемлекеттік орган қабылдайды.
«Саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қоспағанда, қайта ұйымдастыру жолымен құрылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы берілген электрондық өтініштің, Министрлік айқындайтын тәртіппен екінші деңгейлі банктердің цифрлық объектілерінің негізінде жүргізіледі», – делінген құжатта.
Қандай банктер жаңа қызметтерге қосылатыны және олардың цифрлық сервистерінде бұл мүмкіндіктер қашан пайда болатыны бұйрықта нақтыланбаған.
Құжатта заңды мекенжайды «Мекенжай тіркелімі» арқылы автоматты түрде тексеру қарастырылған.
Сонымен қатар кейбір жағдайларда коммерциялық ұйымды тіркеу немесе қайта тіркеу үшін құрылтайшы тіркеуші органға өзі баруға мәжбүр болады. Мұндай шаралар кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл аясындағы ішкі бақылау қағидаларында қарастырылған.
Жеке қатысудың қажеттілігі туралы хабарлама өтініш берушінің «цифрлық үкімет» порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі.