USD
USD
USD

Қазақстанда бензин бағасы 300 теңгеден асуы мүмкін бе: министр болжамға пікір білдірді

Кейбір сарапшылар 2027 жылдың соңына қарай АИ-92 бензинінің литрі 300 теңгеден, дизель отыны 400 теңгеден асатынын болжайды. Үкімет отырысынан кейінгі брифингте журналистер энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен бұл болжамның қаншалықты негізді екенін сұрады.

Бензин, дизель
Фото: pixabay.com

Астана, NEGE. Министр жанар-жағармай бағасы ішкі сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасатынын айтып өтті. 

«Қазіргі уақытта мемлекет бұрынғыдай көтерме, бөлшек саудаға жатпайтын бағаларды реттемейді. Біз бұл тәжірибеден 2024 жылдың ақпанында бас тарттық. Содан бері нарықтық баға қалыптастыру жүйесі жұмыс істеп келеді. Шынымды айтсам, бағаға болжам жасау оңай емес», – дейді Ақкенженов.

Ол қазіргі уақытта АИ-92 маркалы бензиннің литрі 253-271 теңге, ал дизель отыны 356-367 теңге аралығында сатылып жатқанын айтып, жанармай құю бекеттеріндегі баға айырмашылығы айтарлықтай екенін атап өтті.

«Кейбір жанармай құю бекеттерінің шығыны аз болғандықтан, өнімді өткізу құны да төмен болуы мүмкін. Ал басқаларында керісінше. Сондықтан бір жерде баға төмен болса, енді бірінде жоғары. Бұл нарықтық жағдай мен бәсекелестіктің бар екенін көрсетеді», – дейді министр.

Бұл ретте БАҚ өкілдері Ақкенженовтен «Бензин бағасы расымен 300 теңгеден асып кетсе, мемлекет бағаны реттеуге араласа ма?» деп сұрады.

«Алдын ала болжам жасамай-ақ қояйық, бірақ, бағада айтарлықтай күрт өзгерістер болса, мемлекет оны тежеу үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынына сендіргім келеді. Ол үшін бізде барлық тетік бар. Біріншіден, елімізде жанармай қоры жеткілікті. Бензиннің де, дизель отынының да қоры 400 мың тоннадан асады. Сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп, өнімді қалыпты көлемде шығарып жатыр. Жанармай өңірлерге де кедергісіз жеткізіліп отыр», – дейді Ерлан Ақкенженов.

Энергетика министрі қазір дүрбелең тудыратындай сұранысқа, соның салдарынан жанармай бағасының күрт өсуіне ешқандай негіз жоқ екенін алға тартты. 

Қазір оқып жатыр

Министр Ақтаудағы жарықтың өшуінен зардап шеккен тұрғындарға қатысты пікір білдірді

Ақтау

Айлығы – 1,2 млн теңге, коммуналдық төлемі – 75 мың: Ақкенженов табысын жариялады

Ерлан Ақкенженов

Трамп ұлдарының Қазақстандағы вольфрам жобасына АҚШ 1,6 млрд доллар бөлмеуі мүмкін

Вольфрам өндірісі

Абай облысында тереңдігі 15 метр болатын алтын карьері анықталып, 9 адам ұсталды

Заңсыз өндіріс орны