USD
USD
USD

Елімізде балаларға қатысты ауыр қылмыстардың саны азайды

Екі жыл бұрын күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Содан бері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тұтас жүйені қалыптастыру үшін қажетті заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданды. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева хабарлады.

Балалар омбудсмені
Фото: Фейсбук парақшасынан

Алматы, NEGE. «Қазір әкімдіктер құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар құрылып, қорғаншылық органдарының қызметкерлері саны артып келеді. Мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде QR 111 жүйесі арқылы балалармен тікелей байланыс орнату тәсілі енгізілді.

Бүгінгі басты міндет – қабылданған барлық шараларды сапалы жүзеге асыру. Осы бағытта Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлескен ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Аймақтарда осы шараларды іске асыру барысында біз шешімді қажет ететін жүйелі мәселелермен қатар, қысқа уақыт аралығында болған оң өзгерістерді де көріп отырмыз. Бұл туралы да айту маңызды.

Кейінгі 9 айдың қорытындысы бойынша, Қылмыстық кодекстің 5 бабы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 18%-ға азайды, ал тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қалдырылған педофилия фактілері 24%-ға төмендеді.

«Адам өлтіру» және «Ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелген» баптар бойынша қылмыстар саны сәйкесінше 22% және 50%-ға азайды.

Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы – қабылданған шаралардың тиімділігінің айғағы.

Алайда әр статистикалық көрсеткіштің артында – бір баланың тағдыры тұр. Біздің мақсатымыз – әр баланың өмірі үшін күресу, мұндай қылмыстардың мүлде болмауы үшін барлық күш- жігерімізді салу», – деп жазды Д. Зәкиева.

Сондай-ақ Зәкиева балалар суицидтерінің 60 пайызы отбасындағы қиын қарым-қатынастармен байланысты екенін атап өтті

«Балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылып жатыр. Барлық өңірде Психологиялық қолдау орталықтарының ашылуы және біртұтас профилактикалық бағдарламаның енгізілуі жағдайды тұрақтандыра бастады. Кейінгі 10 жылда алғаш рет Алматы облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайларының айтарлықтай азаюы тіркелді. Дегенмен, алда әлі көп әрі мұқият атқарылуы тиіс жұмыс тұр. Негізгі себептерді терең зерттеп, тәуекелдерді уақтылы анықтап, балаларға сапалы сүйемелдеу мен психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажет.

Сонымен қатар, балалар суицидтерінің 60%-ы отбасындағы қиын қарым- қатынастармен байланысты.

Сондықтан бізге келіп түсетін немесе балалар өз өмірлерін қию алдында қалдырып кететін мыңдаған хаттар мен хабарламаларға сүйене отырып, өз отбасынан түсіністік пен жылу таппаған, кінә мен қорқыныштан жалғыз қалған балалардың үнін жеткізе отырып, мен ата-аналар мен барлық ересектерге үндеу жасағым келеді», - деп жазды Зәкиева.

Қазір оқып жатыр

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

Қарашығанақ кен орны

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты

Михал Лабенда

Мәскеу түбіндегі «Крокус сити холлдағы» теракт: айыпталушыларға үкім шықты

Крокус сити холлдағы терракт

Тоқаев: Қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ

Мемлекеттік тіл