Қазақстанда автонесиеге сұраныс 20%-ға артқан
2026 жылғы II тоқсанда Қазақстанда бөлшек кредиттеудің барлық негізгі түрлері бойынша сұраныс артқан. Бұл жөнінде Ұлттық банктің банктер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша берген түсіндірмесінде айтылды. II тоқсанның қорытындысы бойынша жүргізілген сауалнамаға Қазақстандағы екінші деңгейлі 21 банк қатысқан.
Астана, NEGE. Орталық банк таратқан ақпаратқа қарағанда, ипотекалық қарыздарға сұраныс 19%-ға өсіп, 228 мыңға жеткен. Банк өкілдері ипотекаға сұраныстың өсуін мемлекеттік және өңірлік тұрғын үй бағдарламаларының іске асырылуымен, сондай-ақ жекелеген банктердің ипотекалық өнімдерді қайта іске қосуымен байланыстырады.
Автонесиеге сұраныс 20%-ға артқан. Жыл басынан бері банктерге автокредит алуға 1,5 млн өтінім түскен. Олардың орташа мөлшері, керісінше, 3%-ға төмендеп, 7 млн теңге болды. Автонесиеге сұраныстың өсуіне автосалондардағы жеңілдіктер, субсидияланған сыйақы мөлшерлемелері бар бағдарламалар және банктердің ресми дилерлермен ынтымақтастығын кеңейтуі әсер еткен.
Кепілсіз тұтынушылық қарыздарға сұраныс та өскен. II тоқсанда мұндай несиеге берілген өтінімдер саны 15,9 млн болып, өткен тоқсанмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. Ал олардың орташа мөлшері 10%-ға өсіп, 1 млн 62 мың теңгеге жетті.
Ұлттық банк бұл сегменттегі сұраныстың өсуін жалақыға қатысты жобалардың көбеюімен, қайта қаржыландыру бағдарламаларының іске қосылуымен, маркетингтік акциялармен және кейбір банктердің скорингтік талаптарды жеңілдетуімен түсіндірді.
Кепілді тұтынушылық қарыздарға сұраныс артқанымен, мұндай несиеге берілген өтінімдер саны 18%-ға азайған. Ұлттық банк мұны кейбір банктердің белсенділігінің төмендеуімен түсіндірді. Нәтижесінде II тоқсанда 85 мың ғана өтінім берілген. Ал сұралған қарыздың орташа мөлшері 27%-ға өсіп, 17,7 млн теңгеге жетті. Сұраныстың артуына жаңа онлайн-өнімдердің іске қосылуы, сыйақы мөлшерлемелерінің төмендеуі және маркетингтік іс-шаралар әсер еткен.
Банк өкілдері III тоқсанда ипотекалық қарыздар мен автонесиеге сұраныс өседі, кепілді тұтынушылық қарыздарға деген сұраныс бұрынғы деңгейде сақталады, ал кепілсіз қарыздарға сұраныс біршама төмендейді деп болжап отыр.