Қазақстанда әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді
Қазақстанда мерзімді әскери қызметті өтеу тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Жаңа жүйе бойынша әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Ал қалған алты айда әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік даярлықпен айналысады.
Астана, NEGE. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтылды.
Әскерде тағы не өзгереді?
- Қарулы Күштердің құрылымы мен басқару жүйесі қайта қаралады.
- Ұшқышсыз жүйелер күштері құрылады.
- Әскери қызметшілердің құқығын қорғау үшін арнайы уәкіл мен әскери кеңесшілер қызметі енгізіледі.
- Әскердегі жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алып, тәртіпті күшейту шаралары қабылданады.
- Әскери мектептер көбейіп, жастарды әскери қызметке даярлау ісі жетілдіріледі.
Қауіпсіздік Кеңесі әскери реформа жоспарын мақұлдады. Оның орындалуын Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесі үйлестіреді.
Жоспар бойынша дайындық жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін жүргізіледі. Ал негізгі өзгерістер 2027 жылы жүзеге асырылады.
«Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес», – деді Тоқаев.
Президент Қорғаныс министрлігінің жұмысын жан-жақты тексеруді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.