Қазақстанда аптап ыстықтан отыздай адам қайтыс болды
Соңғы бірнеше айда Қазақстанда аптап ыстықтың салдарынан 26 адам қайтыс болды. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бас маманы Зәуре Нұритдинованың мәлімдеуінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш үш-төрт есе артқан. Былтыр аптап ыстықтан жеті адам көз жұмған.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде BES.media желілік басылымы жазады.
Зәуре Нұритдинова келтірген мәліметке сәйкес, жедел жәрдемге жүгінген 30 мың адамның ішінде 2 700 пациентке күн өту, ағзаның сусыздану және ағзаның шамадан тыс қызуына байланысты көмек көрсетілген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Сондай-ақ аптап ыстыққа байланысты 200-ге жуық адам ауруханаға жатқызылған.
Бас маманның айтуынша, аптап ыстықтан көбірек зардап шегетіндер – қарт адамдар, диспансерлік есепте тұрған науқастар, сондай-ақ созылмалы ауруы бар кішкентай балалар. Ол жас балалардың жылу алмасу жүйесі әлі толық қалыптаспағандықтан, олардың ағзасы қызып кетуге бейім екенін және тез әлсірейтінін атап өтеді.
Қауіп тобына сондай-ақ жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар адамдар кіреді. Маман ашық аспан астында жұмыс істейтін азаматтарды да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе құрылысшылар мен ұзақ уақыт далада еңбек ететін басқа да жұмысшылар ыстық күндері медициналық көмекке жиі жүгінеді екен.