Қазақстанда алтын өндіру көлемі 11%-ға азайды
Қазақстанда биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 84,7 тонна алтын өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11%-ға аз.
Астана, NEGE. Energyprom ақпаратынша, өткен жылдың алғашқы тоғыз айында елде 95,2 тонна алтын өндірілген. Ал тазартылған алтын өндірісі де 11%-ға төмендеп, 53,5 тоннадан 47,7 тоннаға дейін қысқарған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда өңделмеген, жартылай өңделген немесе ұнтақ түріндегі алтын өндірісі 127 тонна болған. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 4%-ға аз. Ол кезде 132,3 тонна алтын өндірілген.
Ал тазартылған алтын өндірісі 4,2%-ға төмендеп, 74,3 тоннадан 71,2 тоннаға дейін азайған.
Қазақстанның алтын қоры 2,3 мың тонна деп бағаланған. Бұл әлемдік қордың шамамен 3,5%-ына тең. Алтын қоры ең мол елдер қатарында Аустралия (13 мың тонна) мен Ресей (12 мың тонна) бар. Одан кейін Оңтүстік Африка Республикасы (5 мың тонна), Индонезия (3,6 мың тонна), Канада мен Қытай (әрқайсысы 3,2 мың тонна), сондай-ақ АҚШ (3 мың тонна) орналасқан.
Айта кетейік, бұл жерде алтынның геологиялық қоры туралы сөз болып отыр. Оны орталық банктердің алтын резервтерімен шатастырмаған жөн.