Qarmet автомобиль болаты өндірісін іске қосып, автопромды дамытпақ
Қазақстанда жеңіл автомобильдерге арналған шанақ бөлшектерін отандық болаттан өндірудің толық циклі іске қосылады. Жобаны Qarmet, Allur және KIA Qazaqstan бірлесіп жүзеге асырады.
Астана, NEGE. Үкімет отырысында «Allur» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Қазақстанда автомобиль өнеркәсібі үшін жаңа өндірістік кезең басталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, компания Qarmet, Kia Kazakhstan және өзге де өндірушілермен бірге металлургия мен автомобиль жасауды біріктіретін салааралық жобаны әзірлеп жатыр. Негізгі мақсат – Қазақстанда өндірілген автомобиль болатын пайдалана отырып, жеңіл автомобильдерге арналған штампталған шанақ бөлшектерінің толық өндірістік циклін іске қосу.
«Автомобиль өнеркәсібі үшін маңызды қадам қазақстандық болатты пайдалана отырып, жеңіл автомобильдер үшін штамптау өндірісінің толық циклін игеру болады. Біз "Qarmet – Allur – Kia Qazaqstan" және басқа өндірушілермен салааралық жобаны пысықтап жатырмыз. Ол металлургия мен автомобиль жасауды бірыңғай өндірістік тізбекке біріктіреді», – деді Андрей Лаврентьев.
Жобаға сәйкес, 2028 жылы Qarmet жеңіл автомобиль өндірушілерінің халықаралық талаптарына сай автомобиль болат табағын шығаруды бастайды. Ал 2029 жылы осы болаттан автомобиль шанағының бөлшектері сериялық өндіріледі. Жобалық қуаттылық жылына кемінде 100 мың шанақты құрайды, олардың құрамындағы қазақстандық болаттың үлесі 75 пайыздан кем болмайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бастаманы Қазақстанның өнеркәсіптік дамуы үшін стратегиялық жоба деп бағалап, Үкіметтің толық қолдау көрсететінін айтты.
«Автомобиль болаты өндірісі стратегиялық маңызға ие. Сондықтан бұл жобаны, сондай-ақ Qarmet компаниясын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын қолдаймыз. Мұнда болат зауыты мен автомобиль өнеркәсібі арасында тиімді ықпалдастық қалыптасып отыр. Үкімет тарапынан қолдау көрсетіледі», – деді премьер-министр.
Сондай-ақ Олжас Бектенов локализациялау деңгейін арттыру мен қосылған құны жоғары өнім өндіру Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар өндірістік тізбектің басым бөлігін Қазақстанда қалыптастырып, отандық автопромның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Қазір оқып жатыр
Алматы және Алматы облысында электр энергиясы тарифін 8,3%-ға көтеру ұсынылды
Әбілқасымованы отставкаға жіберу туралы петицияға агенттік жауап берді
Таиландтан сәлемдеме алып жүрген алматылық жігіт 16 жылға сотталды
Ресейде кәмелетке толған азаматтарға әке-шешесін ата-ана құқығынан айыруға рұқсат етілмек