Қазақстанда 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың басшылары мен мүшелері ұсталды
Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары аясында 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың 9 басшысы мен 41 қатысушысы ұсталып, оларға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Ведомство дерегі бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда 4,5 мың есірткі құқық бұзушылығы тіркеліп, синтетикалық есірткі өндіретін 17 жасырын цехтың қызметі тоқтатылған. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл нәтижесінде 865 келі есірткі заты тәркіленген.
«Бұл – миллиондаған доза есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмегенін білдіреді», – делінген ІІМ хабарламасында.
Интернет кеңістігінде заңсыз есірткі айналымына қарсы жүргізілген жұмыс нәтижесінде 8,5 мыңға жуық есірткі сататын сайт бұғатталған.
Сонымен қатар есірткі бизнесінің қаржылық негізін жоюға бағытталған шаралар аясында 258 млн теңге көлеміндегі қаражатқа қатысты 10 мың банк картасы мен шот бұғатталған. Бұдан бөлек, есірткі саудасының көлеңкелі қаржы схемаларына қатысы бар 215 мың шетелдік карта мен шоттың транзакцияларына шектеу қойылған.
Қылмысқа тартылған балалар
Ең алаңдатарлық деректердің бірі – кәмелетке толмағандардың есірткі қылмысына араласуы. 2026 жылдың алғашқы жеті айында осындай құқық бұзушылықтарға қатысы бар 55 жасөспірім ұсталған. Олардың 32-сі есірткі өткізуге байланысты әрекеттерге қатысқан.
Жасөспірімдерге интернет арқылы «жеңіл жұмыс», «курьерлік қызмет» немесе «жылдам табыс» ұсынылуы мүмкін. Тапсырма берушілер жұмыстың нақты мазмұнын бірден түсіндірмей, банк картасын рәсімдеуді, белгіленген жерге сәлемдеме апаруды немесе бейтаныс затты жасырып кетуді сұрауы ықтимал.
Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері есірткінің алдын алуға арналған 14 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, олар екі миллионнан астам жас пен жасөспірімді қамтыған. Алайда профилактиканың тиімділігін тек өткізілген кездесулер санымен бағалау жеткіліксіз. Жасөспірім күмәнді жұмыс ұсынысын қалай анықтайды, одан қалай бас тартады және мұндай жағдайда кімге хабарласуы керек деген сұрақтарға нақты жауап берілуі қажет.
Профилактикалық дәрістердің өзі әрдайым жеткілікті бола бермейтінін Астанада болған оқиға көрсетті. 2026 жылғы наурызда елордада есірткі жасырған 15 жастағы қыз ұсталды. Одан 70-тен астам доза табылған.
Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Әбіл Әбілдиннің айтуынша, ұсталған қыз бұған дейін есірткінің зияны туралы профилактикалық кездесулерге қатысып, дәрістер тыңдаған және қоғамдық іс-шараларға араласқан.
«Ол біздің дәрістерімізге қатысып, есірткінің зардабы туралы бейнематериалдарды көрген. Барлық салдарын білсе де, неге мұндай қадамға барғанын түсіну қиын. Аш жүрген жоқ, қызығушылық па, әлде басқа себеп пе – оны нақты айту қиын», – деді ол.
Полиция өкілі жасөспірімнің мұндай қылмысқа баруына араласқан ортасы әсер етуі мүмкін деп есептейді. Бұл жағдай балаларға есірткінің зиянын түсіндірумен ғана шектелмей, олардың ортасына, интернеттегі байланыстарына және күмәнді табыс көздеріне де назар аудару қажеттігін көрсетеді.
Жасанды интеллект пен дрондар қолданылады
Қазақстанда 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің жаңа кешенді жоспары қабылданды. Ішкі істер министрлігі жариялаған құжатта мониторинг, алдын алу, есірткі қылмыстарын анықтау, заңнаманы жетілдіру, цифрлық шешімдер мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту көзделген.
Жоспар бойынша талдамалық және жедел жұмыста жасанды интеллектті пайдалану, газталдағыштармен және спектралды камералармен жабдықталған дрондар сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен бірге заттай дәлелдемелер сақталатын қоймаларды цифрландыру, қылмыстың цифрлық іздері бойынша мәліметтер базасын құру және есірткі саудасына қатысты қаржылық тергеуді күшейту ұсынылған.
Алдыңғы, 2023–2025 жылдарға арналған жоспардың нәтижесінде бақылаудағы есірткі заттары мен прекурсорлар тізіміне 31 жаңа зат енгізілген. Синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 382 келіден 1,2 тоннаға дейін өскен. Сот-сараптама органдарына 41 заманауи құрылғы беріліп, сараптама жүргізу мерзімі бір айдан бір тәулікке дейін қысқарған. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы бұғатталған сайттар мен заңсыз контент саны 2,6 мыңнан 9,2 мыңға дейін көбейген.