6 Қазан 17:17
...

Қазақстанда 29 мың гектарға жуық алма бағы бар

Алма
Фото: gov.kz

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 80 жылдығы мен Дүниежүзілік азық-түлік күніне арналған Алма фестивалі аясында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков елдегі бау-бақша шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму келешегі туралы баяндады.

Алматы, NEGE. Қазақстандағы алма бақтарының жалпы алаңы шамамен 29 мың гектарды құрайды. Негізінен Алматы, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында орналасқан. Тек Алматы және Жетісу облыстарының өзінде алма бақтары 2,4 мың гектардан астам аумақты алып жатыр, мұнда 416 мыңнан артық алма ағашы өсірілуде.

«Бау-бақша шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының бірі.

Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2014 жылдан бастап фермерлер бақ отырғызу мен интенсивті технологияларды енгізуге арналған инвестициялық субсидиялар алады. Соның нәтижесінде алма өндіру көлемі 43%-ға, ал өнімділік 27%-ға артты.

Алма фестивалі — тек өнім мерекесі ғана емес. Бұл - фермерлер еңбегіне деген құрметтің, өзара ынтымақтастықтың және ортақ жауапкершіліктің белгісі. Мемлекет, халықаралық ұйымдар, агробизнес және жастардың бірлескен күш-жігері арқылы біз бау-бақша шаруашылығын еліміздің дамуындағы басты салалардың біріне айналдырамыз деп сенемін», — деді Ербол Тасжүреков.

Одан әрі ФАО мен Қазақстан арасындағы серіктестік бағдарламасының маңыздылығын да ерекше атап өтті.

Аталған бағдарлама инновацияларды енгізуге, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Әсіресе, технологиялар мен білім трансферіне, соның ішінде цифрлық шешімдер мен агроинновацияларға айрықша көңіл бөлінуде.

Вице-министр қазақстандық бақтың символы саналатын апорт туралы айта келе, оның тек алма сорты емес, елдің мәдени мұрасының бір бөлігі екеніне де тоқталды.

«Апортты ұлттық бренд ретінде қайта жаңғырту бағытында нақты шаралар қабылдануда. Аумағын кеңейту, агротехниканы жетілдіру және бұл сортты халықаралық деңгейде танымал ету жоспарланған. Қазір Сиверс алмасының көшеттерін өсіретін питомник құрылды, көшеттер дайындау мен жаңа бақтар отырғызу жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға дейін 110 гектар апорт бағы отырғызылмақ.

Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары селекциялық және агротехникалық бағдарламаларды белсенді дамытып келеді. 85 жылдық селекциялық жұмыс нәтижесінде Қазақстанда шамамен 400 сорт пен будандардан тұратын коллекция қалыптасқан, оның ішінде апорт негізінде шығарылған 29 жаңа сорт бар», — деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.